МТРА жаңалықтары

Мүмкіндігі шектеулі жандар оңалту құралдарымен қамтамасыз етілуде

Сергей Сапко – 1-ші топтағы мүгедек, қала тұрғыны

– 2009 жылы жұмыс орнында жарақат алып, үйде жатып қалдым. Емханаға жүгінбей, ауруымды асқындырып алсам керек. Ауруханаға кеш барғандықтан, ақ халаттылар аяғымды аман алып қала алмады. Беріп жатқан көмектері мен үшін үлкен қолдау. Өйткені бұл арбаны базарда 50 мың теңгеге сатып аласың.

Биылғы жылы Сергей Сапко секілді аяғынан айырылған 82 мүмкіндігі шектеулі жан дәл осындай кресло-арбаға қол жеткізген. Ал Айнаш Тоғаева болса, Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 10 жастағы баласына гигиеналық құралдарды алу үшін келіпті. Оның қызы 2005 жылы сал ауруына шалдыққан.

Айнаш Тоғаева – мүгедек баланың анасы, қала тұрғыны

– 2005 жылдан бастап біз құжаттарды рәсімдеп, өтініш бердік. Сол 2005-ші жылдан бастап бізге жыл сайын гигиеналық заттар қамтамасыз етіліп келеміз.

Жалпы 2006 жылдан бастап елімізде “Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы” заңына сәйкес, мүгедектердің қоғамға бейімделіп кетуіне жағдай жасалып жатыр. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету қарастырылған. Мәселен, ағымдағы жылы есту мүшесі зақымдағандарға 165 құрал берілсе, көз жанарынан айырылған тұрғындарға 159 тифлотехникалық құрылғылар табысталыпты. Сонымен бірге, мүгедектер еліміздің сауықтыру орындарында денсаулықтарын түзей алады. Бүгінгі күнге дейін ем-шарадан өтуге өтініш берген 101 жерлесіміз шипажайларда демалып қайтқан.

Күлбаршын Ахметова – Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ардагерлер және мүгедектермен жұмыс секторы басшысының міндетін атқарушы

– Жыл сайын мүгедектер еліміздегі санаторийлер мен профилакторийлерде сауықтыру курстарынан өтеді. Ағымдағы жылы 334 мүгедек Бурабайдағы “Зеленый бор” санаторийіне және “Солнечный” профилакторийінде денсаулығын жақсартуға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ, осы жылы ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар – барлығы 75 қария жергілікті бюджет есебінен санаторлық-курорттық ем алып, денсаулықтарын жақсартып келген.

 

Бакыт Садуакасов.