Спорт

Петропавлдық каратэшілер аттестациядан өтті

Бұл спортшыларды үлкенді құрметтеуге тәрбиелеп жүрген “Бүкілқазақстандық кёкушинкай-каратэ ұйымы” Республикалық қоғамдық бірлестігінің Президенті Тәджімұрат Найзабеков. Осындай іс-шаралар арқылы біз жас ұрпаққа үлгі көрсетеміз дейді қара белбеу иесі.

Тәджімұрат Найзабеков – “Бүкілқазақстандық кёкушинкай-каратэ ұйымы” Республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті.

– Биыл Ұлы Жеңіске 70 жыл толып отыр. Біздің ұйым жастарды тәрбиелегендіктен осындай іс-шара өткізу біздің парыз. Олар ата-бабаларымыздың ерлігін ұмытпауы керек. Мен қандай жарыс өткізсем де, бірінші міндетті түрде ардагерлерге тағзымнан бастаймын. Бұл – ұрпақ тәрбиелеудегі маңызды тұстардың бірі.

Шараның басты қонағы болып Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер келді.

Петр Гладков – ҰОС ардагері.

– Бүгін біз игі істің куәсі болдық. Жастар біздің майдандас достарымызға тағзым етті. Бұл мені қуантады. Себебі мен жас ұрпақтың дұрыс жолмен келе жатқанын көрдім. Олар бейбіт өмірді бағалап, өз елінің патриоты болса деймін.

Ұрыс даласында қаза болған майдангерлерге құрмет көрсеткеннен кейін спортшылар бірден сынақ алаңына аттанды. Бүгін олар жылына екі рет өтетін кю-тест тапсырады. 300-ден астам каратэші өздерінің атақтарын қорғап, келесі дәрежедегі кю-белбеуін алуды мақсат етіп отыр.

Владимир Витченко- “Бүкілқазақстандық кёкушинкай-каратэ ұйымының” СҚОФ директоры.

– Бүгін өңіріміздің каратэшілері аттестациядан өтеді. Бұл кю-тесттің мақсаты – спортшылардың физикалық дайындықтарын және кихон, кумитэ, катан әдістерін қалай меңгергендіктерін анықтау. Сынақтан сүрінбей өткендер жаңа дәрежедегі кю белбеуіне ие болады. Келесі жылы жаттықтырушылар қатарын арттыру жоспарда бар. Себебі жыл сайын бұл спорт түрімен айналысамын дейтін жастар саны көбеюде.

Кю-тестті 5 пен 35 жас аралығындағы спортшы тапсырады. Аттестациядан өтуге үлкен-кішінің бәрі жиналған. Жастығына қарамастан, ақ белбеуді қызғылт сарыға алмастыру үшін 6 жасар Даниал да келген. Аталмыш спорт түрімен айналысқанына жарты жыл ғана болыпты. Бірақ ол – бұл сыннан сүрінбей өтетініне сенімді.

Даниал Шәріп – кю-тест тапсырушы.

– Каратэмен айналысып жүргеніме жарты жыл болды. Бүгін бірінші рет кю-тест тапсырамын. Жақсы нәтиже көрсетемін деген ойдамын. Достарыма сәттілік тілеймін.

Осындай сынақтар арқылы жас каратэшілер өз шеберліктерін шыңдайды. Әр кю-тест сайын спортшы шынығады, тәжірибе жинайды. Бастысы шыдамдылыққа үйренеді.Бұл – каратэ әлемінде биіктерді бағындырғысы келетін әр спортшының бойында болуы керек қасиет.

 

Айгерим Ержанова.