Спорт

Қазақ күресін дамыту

Ол үшін қазіргі таңда өңірімізде барлық жағдай жасалып келеді. Бүгінде аталған мектепте 120-дан астам бала тәлім алуда. Олардың басым бөлігі спорттық үйірмелерге тартылған. Сондай-ақ, Бауыржан Құлжанов, білім ордасының мұражайына аялдап, мұндағы тың жәдігерлерді тамашалады. Кейін, аймақтық біріншілікке қатысуға келген палуандар мен ауыл тұрғындары Ленин ауылдық мәдениет үйіне қарай ағылды. Залға қазақ күресінің өсіп өркендеуіне бей-жай қарамайтын азаматтар жиналған. Чемпионаттың ашылуымен келушілерді қазақ күресінен алғашқы спорт шебері Бауыржан Құлжанов құттықтай келе, жарысты жыл сайын өткізу дәстүрге айналатындығын жеткізді.

Бауыржан Құлжанов – облыстың қазақ күресінен бірінші спорт шебері

– Біздің мақсатымыз – балаларды жас кезінен бастап қазақ күресіне тарту. Қазақ күресімен шұғылданамын деушілерді қолдап, демеу көрсету.

Ашылу салтанатынан соң, облыстық турнир басталып та кетті. Шаршы алаңда жиналған қауым, бірінші болып 32 келі салмақта қызыл түсті жейдедегі Шал ақын ауданының палуаны Сұлтан Бірімжанов пен Ғ. Мүсірепов ауданынан келген спортшының белдесуін тамашалады. Екеуі де айла-тәсілдерді тең дәрежеде қолданып отырды. Дей тұрғанмен, шалақындық палуан кездесудің 2-ші минутында қарсыласының жамбасын жер иіскетіп, жеңіске жетті.

Сұлтан Бірімжанов – палуан, Шал ақын ауданы

– Қарсыласымды жеңі маған қиынға соққан жоқ. Оны жеңу үшін менің бапкерлерім әдістерді үйретті. Қазақ күресіне екі жыл барып жүрмін.

Ал 42 келі салмақтағы палуандар тартысы – жылдам аяқтап ерекшеленді. Ғ.Мүсірепов ауданының намысын арқалаған спортшы боз кілемдегі қарсыласын әп сәтте алып жығып, таза жеңіске жетті.

Диас Қожахметов – палуан, Ғ.Мүсірепов ауданы

– Мен осы қазақ күресімен 5 жылдай шұғылданып келемін. Бірінші сыныптан бастап. Облыста және аудандық жарыстарда жетістіктерім де бар. /01-52/ Жарыс қиын болды. Қарсылас та мықты көрінеді. Күреспен 4-5 жыл айланысып жүр.

Қазақ күресінен спорт шебері Бауыржан Құлжановтың жүлдесі үшін жасөспірімдер арасындағы турнирге облысымыздың 5 ауданынан 80-нен астам спортшы келіп отыр.

Смағұл Аманов – жарыстың бас төрешісі

– Қазақ күресін қалайда дамытуымыз керек. Деңгейін көтеруіміз қажет. Осы балалар жарысқа көбірек қатысулары үшін жағдай жасауымыз тиіс. Осындай оймен жарысты өткізіп жатырмыз. Балалар жақсы күресіп жатыр. Жақсы өтеді деген ойымыз бар.

Жалпы теріскейде ұлттық спорт түрлері, соның арасында әсіресе қазақ күресінің артта қалып, ұмыт болып қалғаны жасырын емес. Мұны қазақ күресінен ұйымдастырылатын республикалық жарыстарда өңір атынан шығатын палуандардың жоқтығынан байқауға болады. Ал бүгінгі чемпионаттың жеңімпаздарына жарыс қорытындысы бойынша диплом және грамоталар табысталады.

 

Бакыт Садуакасов.