МТРА жаңалықтары

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде ашық есік күні өтті

Айгүл Қондыбаева – қала тұрғыны

– Қалалық әкімдіктегі “Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы” бөлімі ашық есік күнін өткізіп жатқанын естідім. Ипотекалық тұрғын үй мәселесі мен қандай құжаттар керек екендігін білу үшін келдім. Күйеуімнің үй кезегінде тұрғанына 3 жыл болды. Әлі еш қозғалыс байқалмайды.

Айгүл Қондыбаева сынды кезекте тұрған әлі 10 мың адам бар. Бұл тізім күн сайын артуда, -дейді тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары.

Бауыржан Бейсембаев – Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі

– Бүгінгі ашық есік күнінде біз баспананы жекешелендіру, құжаттарды рәсімдеу, келісім шарт ережелерін қарастырдық. Келушілердің көбі “жас отбасы”, “барлық дәрежедегі азаматтарға арналған баспана”, “ипотекалық тұрғын үй” бағдарламалары туралы білгісі келеді. Ал кезекте тұрған азаматтар жайлы айтатын болсақ, бұл тізім күн сайын артуда. Әсіресе ата-ана қамқорынсыз және жетім қалған балалар көп тіркелуде. Айта кету керек, мемлекеттен берілетін баспананың 20 пайызын осы балалар иемденеді.

2015 жылдың 15-ші сәуірінде қаламызда жас отбасы бағдарламасына құжаттар тапсыру аяқталды. Өтініштердің саны 600-ді құрап отыр. Әзірше құжаттар комиссияның отырысында қарастырылуда. Аталмыш бағдарлама бойынша үстіміздегі жылы 75 және 93 пәтерлі 2 үй қолданысқа берілмек.

 

Айгерим Ержанова.