Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір жетекшісі аулалардың жай-күйімен танысты

Барлығы таза, сырланып, әктелген. Баспана тұрғындарының ауланы тазалықта ұстайтындары көрініп-ақ тұр. Сенбіліктерге де үнемі шығып тұрады. ПИК жақсы жұмыс жасайды. Сондықтан ешқандай мәселе туындамайтын көрінеді. Мұны осында ат басын бұрған облыс әкімі Ерік Сұлтанов та атап өтті. Айта кету керек, баспана тұрғындары 2011 жылы тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына қатысып, шатырды жөндеуден өткізген. Өңір жетекшісі келесі барған Театральная көшесі, 47 мекен-жайындағы ауланың да жағдайы жақсы. Мұнда ойын балаларына деп әткеншектер, баскетбол дөңгелектері мен түрлі ертегі кейіпкерлері орнатылған. Тіпті тенис үстелі де бар. Бірақ соңғы кездері балғындарды көбіне компьютер ойындары қызықтыратын көрінеді. Ал келесі – Интернационал көшесі бойындағы 29-шы үйде балалар алаңы түгіл, бұрын болған хоккей қорапшасы алынып тасталған. Кең жерде балғындарға арналған ешбір алаң жасақталмаған екен.

Гүлнар Кәрібаева- «Интернациональная 29» ПИК төрайымы

– Аулада бала да көп. Мына жерді өзіңіз көріп тұрсыз, кең. Мына жерде бұрын хоккей алаңы болған-ды. Соны қалыпқа келтірсе жақсы болар еді.


Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі

– Хоккей алаңын қалыпқа келтіру керек. Сонда жазда ол жерде футбол ойнауға да болады. Балалар бос жүрмеу үшін жасау керек.

Ал Казахстанская правда көшесі бойындағы 122 үйдің алаңына кіру тіптен мүмкін емес. Мұндағы асфальт әбден шұрық-тесік болып біткен. 2009 жылы бұл жерде жөндеу жұмыстарын жүргізген «Рүстем» ЖШС өзінен соң жолды қалыпқа келтірмей кеткен. Содан еріген қар суы не жаңбыр бола қалса, онсыз да жамау-жамау мына жер үнемі көлге айналатын көрінеді. Бұл олқылықтың орнын толтыру қажет деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі

– Жолға дұрыстап тас төселуі қажет қой. Сонда мұндай болмас еді. Кейін асфальт жабу керек. Мұның барлығын бақылауда ұстаған жөн. Сонда тұрғындар да шағымданбайды.

Ал Ш.Уәлиханов көшесі бойындағы 12-ші, 14-ші үйдің тұрғындары жол жөндеп, аббаттандыру шаралары жүргізілсе дейді. Осыған дейін барған өзге баспаналарда сияқты мұнда ПИК жоқ. Бұдан бөлек, петропавлдықтар осы ауданда орын тепкен су бұрқақ қайтадан іске қосылса екен дейді. Бұл сауал бір ай көлемінде шешіледі деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов. Өйткені өткен жылы шаһардағы барлық фонтандар қалыпқа келтіріліпті. Бұл күні өңір жетекшісі ат басын бұрған соңғы нысан – Мир көшесі бойындағы орналасқан 278-ші үй болды. Былтыр күз айында баспана тұрғындары өз қаржыларына су ағарларды жөндеуден өткізген. Енді жол мен балалар алаңы керек дейді.

Татьяна Хрипунова- «Мира, 278» ПИК төрайымы

– Біздің үй тек 60 пәтерге шақталған. Ақшаны тұрғындар уақытылы тапсырады. Бірақ жиналатын сома көп емес, ол кей жұмыстарды жасауға ғана мүмкіндік береді. Жылыту маусымына қажетті шаруаны атқаруға қаржы жинап қойдық. Ал балалар алаңы мен жолға қаржы жетпейді. Талай жылдан бері сұрап келеміз. Бүгін бізге шұрық- тесік жолымызды ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі деді.

Аймақ басшысы тұрғындар көтерген барлық сауалдар жіті бақылауға алынып, жуық арада шешімін табады деді.

 

Магжан Ахмадина.