Құқық қорғау органдары

Қызылжар ауданында мал ұрлағандар құрықталды

Василий Калинин – жәбірленуші

– Атқораның есігін ашсам – жылқыларым жоқ болып шықты… Үстімнен суық су құйып жібергендей, не істерімді білмедім. Жануарларымның қайда кеткенін білмей дал болдым. Жоғалады деп күтпедім де.

Полицейлер мен ерікті ауыл тұрғындары бірнеше топқа бөлініп жақын арадағы алқаптар мен орманды шолып шыққан. Тек кеш қарайған сәтте тәртіп сақшылары Якорь селолық округының аумағынан күдік туғызған темір тұлпарды құрықтайды. Жартылай тіркемесі бар жеңіл көлікке сезіктілер қос жылқы мен құлынды шынжырлаған.

Ғабит Бекжанов – Қызылжар аудандық ІІБ Соколов ауылының поселкелік полиция бөлімшесінің бастығы

– Күдіктілер ВАЗ 2107 маркалы ақ түсті көлікте болған. Бірі – Қызылжар ауданының тұрғыны, ертеректе осыған ұқсас қылмыстар жасап сотталған. Қалған екеуі – Петропавл қаласының тұрғындары. Олардың біреуі де бұрынырақта ұрлық жасап істі болған көрінеді.Жазған арызы бойынша, ұрланған малы иесіне қайтарылды.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188 “Ұрлық” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалуда. Қазіргі уақытта құрықталғандардың өзге де осы тектес қылмыстарға қатыстарының бар-жоғы анықталу үстінде.

Акбопе Танирберген.