Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда ұлттық бірыңғай тест тапсыратын талапкерлердің ата-аналарына арналған жиналыс өтті

Наталья Крылова, № 17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің педагог-психологы

– ҰБТ-де ересектер көбінесе баланың сынақ кезінде алатын балдарына алаңдайды. Осыдан ата-анасының толқынысы балаға беріледі. Жауапты сәтте олар өздерінің эмоцияларына ие бола алса, бала да өзін барынша сабырлы сезінеді. Ата-ана бұл жерде түлектің көңіл-күйі мен денсаулығына баса назар аударғаны дұрыс. Талапкерге тыныштандырғыш дәрі-дәрмекті қабылдауға болмайды. Оқушы ұдайы күн тәртібін сақтап, таза ауада көп жүру керек. Сабақ оқуға 8 сағатын арнап, қалған уақыттын достарымен, туысқандарымен өткізген тиімді болады.

№ 17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде өткен кеңеске 5 білім ошағынан 100-ге жуық адам қатысты. Жиын барысында білікті мамандар ата-аналарға қазақ және орыс тілінде тақырыптық бейнеролик ұсынып, жағдаяттан шығатын түрлі тапсырмаларды орындатты. Сондай-ақ, әрбір тыңдаушыға ҰБТ-ға қатысты кеңестер мен ұсыныстар жазылған жадынама парақшалары таратылды. Гүлсара Тойғонбаеваның биыл кенжесі Айзада мектеп бітіреді. Түлек келешегін медицина саласымен байланыстырғысы келеді. Сондықтан емтиханда профилдік пән ретінде биологияны таңдаған. Талапкердің анасы қызын маңызды шараға әу бастан дайындап келетінін айтады.

Гүлсара Тойғонбаева, мектеп бітіруші түлектің анасы

– Қызыма қорықпа, қобалжыма деп күнде айтып тұрамыз. ҰБТ қорықпа, білгенін белгілейді. Кейде тапсырмаларын орындауға көмек көрсетіп тұрамыз. Осындай семинарлардың пайдасы көп.

 

Осы күні бірыңғай ата-аналар жиналысы облысымыздағы 300-ге жуық білім ошағында өткізілді.

Берик Касен.