МТРА жаңалықтары

45 солтүстікқазақстандық ер жігіт әскерге аттанды

Қаз-қатарынан сап түзеген тепсе темір үзердей 45 ер жігіт Отан алдындағы борышын өтеуге Жамбыл облысы Отар бекетіндегі 30/212 әскери бөліміне аттанады. Бұл биылғы көктемдегі әскерге шақырушылардың 6-шы легі. Жалпы СҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бұл науқанда 700 сарбазды азаматтық парызын өтеуге жібермек.

Мұқанов Мақсат – СҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары

– Былтыр әскерге жіберілген сарбаздардың саны 600-ден астам еді. Қазір бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді.

Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғалы тұрған жігіттердің қатарында Айбатыр Қожахметовта бар. 24 жастағы болашақ сарбаз әскери комиссариатқа өз еркімен келіпті. Замандастарына үлгі болған Айбатыр қарулы күштер қатарында әскери міндетімді өтеуге даярмын дейді.

Айбатыр Қожахметов – әскерге шақырылушы

– Бүгін біз үшін қуанышты күн. Барлығымыз Отан алдындағы борышымызды өтеуге аттанғалы тұрмыз. Бұл біздің азаматтық парызымыз. Барлық жігіттерге әскерге сәтті барып келулерін тілеймін.

Айбатырдың анасы Дина Қожахметова өз ұлы үшін, қуанып, ақ жол тілеуде.

Дина Қожахметова – Айбатыр Қожахметовтың анасы
– Мен әскерге шақырылушыларға сәттілік тілеймін. Ұлым үшін қуаныштымын. Әскерге барып, аман-есен елге оралсын.

Жігіттерді әскерге шығарып салу рәсімі 66/37 әскери бөлімі сарбаздарының қоян-қолтық ұрысты көрнекі орындауларымен жалғасты.

Риат Шони.