Өңірімізге дін өкілдерінен құралған ақпараттық үгіт- насихат тобы келді

МТРА жаңалықтары

16:26 15 Мамыр 2015

Құрмет Смағұлов- «Нұр-Мубарак» мешітінің бас имамы, Алматы қаласы

– Бүгінгі күнде Қазақстанда бірнеше теріс пиғылды діндер таралған. Ол вахабизм, табиғи жамағат сияқтылар. Солардың қысқаша сипаттамасын беріп, қоғамға зияны жайлы айтылады. Бұл секталардың белгілерін айтып беремін.

Жастар тәрбиесі қай заманда да қоғам үшін өзекті болған. Бірақ бүгінде өскелең ұрпақты ата-салты мен дәстүрінен адастыратын ағымдардың айы оңынан туып тұр деуге болады. Сондықтан секталардың жетегінде кетпей, ақ пен қараны ажырата алған жөн дейді дін қызметкерлері. Көбіне арам пиғылдылар буыны бекіп, ойлары қалыптаса қоймаған жастардың санасын улап жатыр.

Құрмет Смағұлов- «Нұр-Мубарак» мешітінің бас имамы, Алматы қаласы

– Өмір көрген дәстүрлі ислам дінін көрген аға буын өкілдері арам пиғылды ағымдардың арбауына түсе бермейді. Ал жастар ажырата алмай солардың жетегінде кетіп, шетелдерге барып, мұсылман бауырларын өлтіруде. Олар ешқандай дін жаулары емес, қарапайым адамдар. Сондықтан жастардың діни сауаттылығын арттыру керек.

Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде секталардың саны артып кеткен еді. Арнайы заң қабылданғаннан кейін, олардың қатары айтарлықтай сиреді. Өңірімізде дінге бет бұрғандар саны оңтүстік аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда аз. Сондықтан теріскейде сектаның сойлын соғып, теріс ағымдардың жетегінде кеткендер де шамалы. Десе де, алдын-алу шараларын өткізіп отыру маңызды.

Шынарай Жұмабекова- М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті

– Қонақтарды тыңдай отыра жақсы әсер алдық. Қазіргі көбейіп кеткен секталарға кірмеу жолдары және бізге ондай адамдар келсе, бірден имамдарға жолығу керектігін түсіндім. Қазіргі біздің басты мақсатымыз сапалы білім алып, жақсылап тәрбиелену болып отыр.

Ұлжалғас Топбасы- М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті

– Біздің жастарымызға осындай имамдармен кездесіп тұру маңызды. Өйткені біз қай жолдың маңызды, қайсысының жаман екенін білмейміз. Сондықтан осындай кездесулерден ақпарат алып отырамыз.

Айта кету керек, ақпараттық топ еліміздің барлық аймақтарында жұмыс жасайтын болады.

Магжан Ахмадина.