Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясы өтті

Ерік Сұлтанов – Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, СҚО әкімі

– Ел егемендігін алған күннен Елбасы тұрақтылықты негізі етіп – халықтың татулығын қойды. Осы жылдары құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім мен бірлік институтына айналды. Этносаралық келісім мен татулықтың арқасында Қазақстанда экономикалық және әлеуметтік-саяси реформалар табысты жүзеге асуда. Елбасы қарапайым адамға қажет бес халықтық реформаны ұсынды. Біз асыл қазынамыз – бірлігімізді сақтай отыра осы бастамаларды жүзеге асыруымыз қажет.

Биыл Елбасының жарлығымен Қазақстан халқының жылы деп жарияланғаны белгілі. Соның аясында ұлтаралық татулықты сақтау әрі оны нығайту мақсатында өңірде біршама жұмыс атқарылыпты, әлі де біразын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ерік Сұлтанов мемлекет басшысының Ассамблея алдына қойған тапсырмаларын атап өтті, осы ортақ істі орындауда, ауызбіршілікті молайтуға үлес қосқан жерлестерімізге өз алғысын білдірді.
Бұдан кейін кезек баяндамаларға берілді. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нде Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасы бар. Құрылғанына бір жыл болыпты. Десе де, қоғамдық институтпен бірлесіп этнология және этносаясат саласында біраз шаруа тындырылған.

Дильбар Бегалина – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ аға оқытушысы

– Солтүстік Қазақстан Ассамблеясы кафедрасында университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы және қоғамдық ұйымдар, соның ішінде Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің қатысуымен ғылыми-әдістемелік бірлестік құрылған. Болашақта бұл бірлестікті этномәдени зерттеулер орталығы ретінде кеңейту жоспарланып отыр.

Бүгінгі сессияның патриоттық рухта өткенін айтпасқа болмайды. Мінберден Отанға деген махабат жырланып, жүректен шыққан жалынды сөздер айтылды. Өйткені, еліміздің бүгінгі жетістігі – Елбасының сарабдал саясаты, халықтың еңбегі мен айрандай ұйыған берекесінің арқасы.
Жиында этномәдени бірлестік өкілдері елдің бірлігін баяндап, діни тұрақталықтың маңызы, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің мәнісіне тоқталды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов жиынның ерекше өтіп жатқанын атап өтті.

Ералы Тоғжанов – Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі

– Ішкі көңіліммен, жүрегіммен өздеріңізге қарап риза болып отырмын. Әрбір ауданнан, әрбір алыс ауылдардан осы жердегі азаматтардың бәрі ақ ниеттерімен келіп отыр. Бұл жерде бір-бірімізбен ой бөлісіп, пікір алмассақ деген ой жатыр. Ол жай ғана ой емес, ар жағында үлкен жолдар жатыр, бір-біріңізге деген сенім жатыр. Елбасының саясатын қолдай алатын елдің мықты азаматтары осы жерде деп ойлаймын.

Бұдан кейін бір топ азаматқа “Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы” мерекелік медальдары табыс етілді. Бірінші болып өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов марапатталды.
Жалпы үлгідегі қарттар мен мүгедектерге арналған Смирнов интернат-үйінің мәдени ұйымдастырушысы Сейітжан Тастеміров те бүгін мерейтойлық төсбелгіге ие болды.

Сейітжан Тастеміров – Жалпы үлгідегі қарттар мен мүгедектерге арналған Смирнов интернат-үйінің мәдени ұйымдастырушысы, Аққайың ауданы

– Әрине, өте қуаныштымыз біздің еңбегімізді бағалағанына. Мен өзі ондаған жылдар бойы қазақ ұлттық мәдени орталығында жұмыс істеймін.


Сондай-ақ, “Кентрон” облыстық армян мәдени орталығы төрағасының орынбасары Роман Аракелов пен облыстық әзірбайжан мәдениеті орталығының мүшесі Расул Дадашовқа “Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық “Бірлік” алтын медалі” табыс етілді.

Роман Аракелов – “Кентрон” облыстық армян мәдени орталығы төрағасының орынбасары

– Мен Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қалай құрылғанын білемін. Бәріміз бірлесіп еңбек еттік. Сол себепті, бұл марапат үзеңгілес серіктермен бірлесіп атқарған жұмысымыздың жемісі деп ойлаймын.

Ал, “Тайынша-Астық” ЖШС бас директоры Анатолий Рафальский мен “Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығы” қоғамдық бірлестігінің мүшесі Әлімжан Мәжитовке облыстың Құрметті азаматы атағы берілді.
Жиында жергілікті этномәдени бірлестік басшыларының әрқайсына облыс әкімінің гранттары табыс етілді.
Сонымен қатар, сессия отырысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметіне “Лад” славян мәдениеті қоғамының төрағасы Александр Курленя сайланды.
Бүгінде біздің өңірде 100-ге жуық этнос пен 10 конфессия өкілдері тұрады екен. Теріскей өңірінің ерекшелігі осында. Сессияда кейін тиісті қарар қабылданды.
Жиын соңы тамаша концертке ұласты. Шығармашылық ұжымдар түрлі ұлттардың биін билеп, өнерлерін паш етті.

Данаш Хамзина.