Білім

Екі қолға бір күрек іздеген студенттерге көмек

Гүлнәр Уазирова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ түлектерді жұмыспен қамту мен мансабын жоғарлату бойынша маманы

– Биыл біздің университетті 852 студент аяқтайды. Оның 331-і педагогика, 69-ы ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша оқиды. Сол студентттердің екі қолға бір күрек табулары үшін осындай жәрмеңкелер ұйымдастырамыз. Көбіне заңгерлер, педагогика, техника мен ауыл шаруашылығына қажетті мамандар тапшы болады. Өткен жылы 984 студент өз оқуын тәмамдаса, солардың 78 пайызы бүгінгі күні тұрақты жұмыспен қамтылды.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметте де жас мамандар тапшы. Сол себепті СҚО бойынша мемлекеттік қызмет және жемқорлықтың алдын-алу басқармасы бүгін өздеріне жарайтын жас маманды қарастырмақшы.

Светлана Зайцева – СҚО бойынша мемлекеттік қызмет және жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы

– Біздің департаментте бос жұмыс орындары көп. Қазір педагогтар, заңгерлер мен экономистер керек. Таң атқаннан бізге 15-ке жуық түлек келді. Олармен әңгімелесіп, қандай құжаттар қажет екенін түсіндірдік. Бұл жәрмеңкеден өзімізге керек мамандарды таба аламыз деген ойдамын.

Екі қолға бір күрек іздеп келген жастар стендта ілінген ақпараттарды мұқият оқып, жұмыс беруші мекемелердің өкілдерімен сұхбаттасуда. Олардың арасында жергілікті жоғарғы оқу орнының 4-курс студенті Мақпал Әділбек те бар. Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғаліміне оқып жүрген нәзік жанды бүгінгі жәрмеңкеде өзіне қолайлы жұмыс орнын табатынына сенімді.

Мақпал Әділбек – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті

– Менің мамандығым қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан мемлекеттік тілді дамытуға үлесімді қосу үшін ауылды жерлерде балаларға сабақ беруді көздеп жүрмін.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырушылар биылғы оқу жылы аяқталғанға дейін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ің 100 ге жуық түлегін тұрақты қызметпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

 

Риат Шони.