Білім

Ұстаздар өнерлерін ортаға салды

Жандос Базарбаев, Қазақ мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі

– Менің бала тәрбиесімен айналысып келе жатқаныма 23 жыл. Дене шынықтыру мұғалімінен әртіске айналу қыйындық туғызбады. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай “Айбарлы Алаш елім” деп аталатын осы қойылымды арнайы алып келдік. Жалпы қалалық турдан 1-ші орынға ие болғанбыз, бүгін де жеңістен үміттіміз.

Мұнда білім саласының қызметкерлері би билеп, ән салып, түрлі аспаптарда ойнап, кейбірі көркемсөз оқыды. Жалпы саны 200 қатысушы. Араларында ән-күй пәнінің мұғалімі- Тұрлыбек Салықбаев та бар. Ол – байқаудың аудандық кезеңінен сүрінбей өтіп, бүгін облыстық сында өнерін паш етуде.

Тұрлыбек Салықбаев, Бидайық орта мектебінің ән-күй пәнінің мұғалімі, Уалиханов ауданы

– Мен аудандық турдан 10 мұғалімнің арасында топ жардым. Бүгін облыстық көлемде 200 мұғаліммен бақ таластырып отырмын. Құрманғазының “Адай” күйін алып келдім. 1 айға жуық дайындалдым.

Байқаудан бүгінгі таңда білім беріп жүрген мұғалімдермен қатар, зейнеткер ұстаздарда қалысқан жоқ. Педагогика саласы бойынша еңбек ардагері атанып үлгерген олар өз өнерлерін ортаға салды.

Білім саласы қызметкерлерінің бұндай гала-концерті осыған дейін 2005 жылы өткен екен.

Назымбек Оразымбетов, СҚО бойынша мұғалімдер және ғылыми қызметкерлер кәсіподағының төрағасы

– Облыс бойынша білім қызметкерлерінің арасында ұйымдастырылған бұл сайыс бірінші рет осыдан 10 жыл бұрын өткен. Ал бүгін білім басқармасымен ақылдасып жеңістің 70 жылдығы мен қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырып 2-ші рет өткізіп отырмыз. Аудандық және қалалық кезеңдерді өткіздік. Мұнда тек үздік деген өнерпаздарды іріктеп алдық. Жеңімпазды анықтау оңайға соқпады әрине.

Сөйтіп, Қызылжар ауданы гран-прийді қанжығаларына байлады. Ал Ақжар, Тимирязев және Мамлют аудандары сәйкесінше 1-3 орындарды өзара бөлісті. Ал, қазақ мектеп-гимназиясы ұжымының еңбегі еш кетпей “Көрермен көзайымы” аталамына ие болды. Барлық қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Акбопе Танирберген.