Спорт

Теріскейлік боксшы Жанат Жақиянов WBA International титулын жеңіп алды

Нұржәмилә Жақиянова – Жанат Жақияновтың анасы

– Бір Алланың қолдауыменен Жанат балам аман-есен оралып жатыр. Өте қуаныштымыз. Оны жарысқа дайындаған промоутерлеріне рахмет. Алғашқы жеңісі емес, бірнеше рет чемпион атанып жатыр.

Көп ұзамай, тағатсыздана күткен поезд та келіп жетті. Жиналғандар жерлесімізді кезекті жеңісімен құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп жатты. Болгария елінде өткен жекпе-жекте Жанат Жақиянов аргентиналық былғары қолғап шебері Хэктор Роландо Гусманды алтыншы раундта нокаутқа түсіріп, осылайша “WBA International” атағын жеңіп алды. Туған жеріне оралған боксшы алдағы жоспарларымен де бөлісті.

Жанат Жақиянов – WBA International титулының иегері

– Ұлыбританияда екі айдай дайындалдық. Жаттығу жоғары деңгейде өтті. Енді алда Әлем чемпионы атағына бокстасуды жоспарлап отырмын. Соған тырысамыз. Осы жылдың қазан немесе қараша айларында өтеді.

Жалпы 31 жастағы қазақстандық боксшы кәсіби бокс аренасында 25 кездесу өткізіп, тек біреуінде ғана қарсыласынан ұтылып қалған. Айту керек, спортшы таяуда әке атанды. Бұл оқиға оның соңғы жетістігіне әсер еткен болуы керек.

 

Бакыт Садуакасов.