Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыста дәнді дақылдарды егу 14 мамырда басталады

Бүгінде өңірде 800-ге жуық ЖШС және 3 мың шаруа қожалығы бар. Соның барлығы көктемгі егіс жұмыстарына кірісіп кетуге толық дайын отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуына қарағанда топырақтың ылғалдылығы да жеткілікті.

Бағлан Маутов – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының инженерлік бөлімінің басшысы

– Егіс даласындағы ылғал жабу жұмыстары аяқталу үстінде. Биыл дәнді дақылдарды егуді мамырдың 14-нде бастаймыз. Майлы дақылдарды егуге бір күн бұрын кірісіп кеткен едік. Облыстық ауыл шаруашылығы құрылымдары қажетті тұқым қорымен толық қамтылған. Яғни, дақылдардың барлық түрі бойынша 547,2 мың тонна тұқым дайын және тексерілген, мемлекеттік стандартқа сәйкес келеді.

Тұқымды топыраққа сіңіретін техника да сақадай сай. Бүгінде теріскейлік диқаншы қауымда 15 мыңнан астам трактор, 16 мыңнан артық тұқымсепкіш, 11 мыңға жуық егу кешені мен көктемгі дала жұмыстарына қажетті өзге машинаның барлығы бар. Соңғы 3 жылдың ішінде солтүстікқазақстандық егіншілер 50 млрд теңгенің маңайында 3 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасына қол жеткізген. Бұл ретте мемлекет тарапынан да қаржылай қолдау көрсетілуде. Мәселен, осы уақыт аралығында лизинг бойынша 25 млрд. теңгеге 1200-ден астам техника сатып алыныпты.
Ағымдағы жылы жанар-жағармаймен қамту былтырға қарағанда белсенді жүргізіліп жатқан көрінеді.

Бағлан Маутов – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасынының инженерлік бөлімінің басшысы

– Биыл біздің өңірге жеңілдетілген бағамен 65 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Оны ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге өткізу бағасы 1 литрі үшін 84 теңгеден аспайды.

Өңірде мал шаруашылығы жылдан жылға дамып келеді. Сол себепті, егістік жерлерді әртараптандыру аясында биыл майлы дақылдар мен жем-жөптің алқабы кеңейтілді дейді мамандар.

Данаш Хамзина.