МТРА жаңалықтары

Сүт өнімдерін шығаратын өңірдегі іргелі кәсіпорын

Сергей Чепурко – “Молсервис” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы

– Біздің кәсіпорын шығаратын сүт өнімдері – бағасы жағынан қалта қақпайды, әсіресе қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді. Әрі, өнімдеріміздің қайсібірін алып қарасаңыз да, ешбір консервант пен бояғыштар қосылмаған. Сондықтан тауарға қашан да сұраныс бар. Осының арқасында биылғы жарты жылдықтың жоспарын толықтай орындап отырмыз. Жыл соңына таман 5 мың тонна сүт өндіруді межелеп отырмыз.

Серіктестік дайын тауармен облыс тұрғындарын ғана қамтып қоймай, сонымен бірге сүт пен айранын еліміздің өзге өңірлеріне де жөнелтеді. Айталық, зауыт қазірдің өзінде еліміздің Қостанай, Ақмола және Қарағанды облыстарын жергілікті сүт өнімдерімен қамтып отыр. Қажетті шикізатты мұндағылар – жақын маңдағы ауылдар мен шаруа қожалықтарынан сатып алады. Соңғы 5 жылдың ішінде зауыттың материалдық-техникалық жағдайы жақсарып келеді. Бұл шаруаға жұмсалған қаражат 200 млн. теңгені құраған.

Сергей Чепурко – “Молсервис” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы

– Біздің кәсіпорын жыл санап өндіріс көлемін арттырып, еселеу үстінде. Өйткені, сүт өндірушілерге мемлекеттен тиісінше қолдау көрсетілуде. Тауар түрлерінің саны да артып келеді. Биыл жеке қаражат есебінен бу генераторы мен сүт қоймасын сақтауға қажетті құрылғыларды сатып алдық. Бұл өз кезегінде өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Сүт пен оның өнімдерін шығаратын зауытта бірнеше өндірістік цех жасақталған. Барлық үрдіс – автоматтандырылған. Тек қызметкерлер ақаудың орнын алмауын қадағалап отырса болғаны.

Ал мына бөлмеде дайын өнімді салуға арналған жәшіктер жуылып-шайылады. Сағатына 300 шақты пластикалық ыдысты тазартуға арналған шетелдік қондырғының пайдасы молынан. Ал келесі цехта зертхана қызметкерлері күнделікті сүттің микробиологиялық құрамын бақылайды.

Елена Хуторная – “Молсервис” ЖШС зерхана меңгерушісі

– Жаз мезгілі келе жатқандықтан, қазір күн сайын әкелінген сүтке сынама жасап, қатаң бақылаудан өткіземіз. Сүт өнімдерінің құрамында еш қоспалар жоқ. Яғни, тұрғындар таза өнімді тұтынады.

“Молсервис” мекемесінде бүгінгі таңда 124 жерлесіміз екі қолға бір күрек тауып, бала-шағасын асырап отыр. Мұндағы еңбеккерлердің орташа айлықтары – 100 мың теңгенің маңайында.

 

Бакыт Садуакасов.