Без категории

Солтүстікқазақстандықтар Еске алу вахтасынан оралды

Алмагүл Рамазанова – СҚО ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы

– Солтүстік Қазақстаннан экспедицияға екі топ аттанған. Новгород облысына “Саланг” әскери-патриоттық клубы барса, “Іздеу” отряды Тула облысында жұмыс істеді. Біз олардың маңызды миссияны орындағандарына өте қуаныштымыз. Тағатсыздана күтіп тұрмыз.

Елден жырақта болған жастар туысқандарын қатты сағынса керек. Олар бір-бірімен мәре-сәре болып қауышуда. Сағыну бір, әскери жағдайда, лагерьлерде өмір сүру оңай болған жоқ дейді іздеушілер. Олар бір айға жуық уақыт бойы қазба жұмыстарын жүргізіп, майдан даласында қалған солдаттардың сүйектерін табуға үміттенген. Бастысы, жауынгерлерді рәсімге сай жер қойнауына тапсырып, батырлардың жеке тұлғасын анықтайтын медальонын оқу керек.

Владимир Юрченко – Петропавл қалалық білім бөлімі АӘД оқу орталығы директорының орынбасары

– Сәуірдің 19-ында экспидицияға аттандық. Бұл жолы да жылдағыдай сәтті жұмыс істеп қайттық. Еске алу вахтасына қатысқан барлық отрядтар жалпы саны 577 солдаттың сүйектерін тапты. Оның тек 13-інің ғана медальоны оқылып, жеке тұлғалары анықталды. Қазба жұмыстары кезінде ауа райы жақсы болды. Екі рет жауын жауды.

Ал мынау – “Іздеу” отрядының мүшелері. Олар да дәл осындай миссиямен Тула облысында болып қайтқан.

Андрей Кошелев – “Іздеу” іздеу отрядының жетекшісі

– Біз өз жұмыстарымызды Березовский ауданы маңында жүргіздік. 3 жұманың ішінде 61 батырдың сүйектері мен 9 медальоны табылды. Оның тек 2-уін ғана оқи алдық. Алғышқысы лейтенант Беловтікі, екіншісі қатардағы жауынгер Самариндікі. Соңғы аталған батырдың туыстары табылды. Енді оның немересі атасын жер қойнауына тапсыру үшін жолға шықпақ.

Іздестірушілер тобын жергілікті қорғаныс істері жөніндегі департаменттің өкілдері де қарсы алды. Ұрыстар өткен жерлерден жеткізілген құнды жәдігерлер қазақстандық жер жастанған жауынгерлерді анықтауда сеп болмақ.

Амангелді Дюсекин – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары

– Ұлы Жеңістің 70 жылдығында солтүстікқазақстандық іздеу топтары сұрапыл соғыста хабар-ошарсыз жоғалған ер жүрек батырлардың сүйектерін іздеуге барып келгендері бізді қуантады. Экспидияцияға қатысқандардың көбі жастар. Олар осындай игі істер арқылы өздерінің отансүйгіштіктерін көрсетіп, басқаларына үлгі болады.

Жалпы мұндай экспидияцияларды іздеушілер жыл сайын ұйымдастырады. Жерленбеген Отан қорғаушылардың саны әлі көп. Ерлердің есімі елге әйгілі болуы керек.

 

Риат Шони.