Денсаулық сақтау

12-ші мамыр халықаралық медбикелер күні

Мөлдір Ескендірова – “Облыстық аурухана” ШЖҚ КМК медбикесі

– Жұмысым айтарлықтай қиын емес. Түрлі науқастар келеді. Олармен тез тіл табысу қажет. Көктамырға, бұлшық етке екпелер жасаймын.

Бүгінде облыстық ауруханада 278 медбике еңбек етуде. Ақ халаттылар тоқсан сайын аурухана базасында өз біліктіліктерін арттырып тұрады. Ол үшін арнайы практикалық дағдылар кабинеті ашылған. Мұнда арнайы қуыршақ, пен тәжірибе шыңдауға арналған дәрі-дәрмек, құрылғылар бар.

Ирина Зайнутдинова – “Облыстық аурухана” ШЖҚ КМК бас медбикесі

– Бізде оқыту сабақтарын ауруханадағы аға медбикелер жүргізеді. Олардың саны 23. Бұл жұмыстар үшін арнайы кабинеттер барлық керек-жарақ заттармен жабдықталған. Сонымен қатар, ай сайын семинарлар өтіп тұрады. Өзіміздің базадан бөлек, қаламыздағы медициналық колледжде де оқыту сабақтары өтеді.

Жалпы аурухананың хирургия бөлімшесінде 40 науқасқа шақталған орын бар. Аталмыш бөлімге Ирина Митянина үш күн бұрын келіп түскен. Панкреатит ауруына шалдыққан оған дәрігерлер дер кезінде сауатты медициналық көмек көрсетіпті. Қазір денсаулығым жақсарды, ақ халаттылардың қызметіне көңілім толады дейді нәзік жанды.

Ирина Митянина – науқас, Қызылжар ауданы

– Облыстық аураханаға өңірдің барлық аудандарынан ауруына шипа іздеген тұрғындары жүгінеді ғой. сондықтан, мұндағы қызметкерлер өз ісінің білікті мамандары. Медбикелер де күн-түн демей біздің қасымызда болады. Олардың жұмыстарына айтар мінім жоқ. Барлығы сауатты қызметкерлер.

Айта кету қажет, облыстық аурухана үнемі жаңа қондырғылармен жабдықталып тұрады. Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың басында емделушілерге арналған дабыл тетігі орнатылыпты. Оның көмегімен емделушілер медбикені төсегінен тұрмай-ақ шақырта алады. Бұл тың жүйе бүгінде облыс бойынша екі-ақ ауруханада бар.

 

Риат Шони.