МТРА жаңалықтары

Жерлестеріміз Жеңістің 70 жылдығын атап өтті

Бұл – “Мәңгілік алау” мемориалдық кешенінен бастау алған “Мәңгілік полк” қатысушыларының “Даңқ” ескерткішіне жақындап қалған сәті. Олардың қолдарында соғыс жауынгерлерінің фотосуреттері. Бүгінгі ұрпақ бейбіт күнді сыйлаған ата-бабаларын мақтан тұтады. Олар “естелік қабырғасына” аялдап, соғысқа қатысқан жауынгерлердің есімдерін жазды.

Аманжол Мусин – Чернобыль АЭС апаттың зардабын жоюға қатысушы

– Менің әкем 1941 жылы соғысқа қатысқан болатын. Естелік қабырғасына әкем мен әкемнің ағасының есімдерін жаздым. Ағасы Ленинградтта соғысты.

Зұлмат жылдары елдің барлық ауыртпашылығы – буыны қатпаған бала-шаға мен әйел азаматшаларға артылды. “Даңқ” ескерткішіне соғысқа қатысқан әкесінің рухына тағзым етуге тыл еңбеккері Лидия Коровченко да келіп отыр.

Лидия Коровченко – тыл еңбеккері

– Отбасымызда 3 ағайынды едік. Әкемізден ерте қол үзіп қалдық. Ол Сталинград майданында соғысқан еді. Кейін ауыр жараланып, госпитальде көз жұмды. Әке-шешеден ерте айырылған біздер – өмірдің барлық ауыртпалығын бастан өткердік.

Бақыт Сәдуақасов – тілші

– Бүгін табаны күректей 4 жылға созылған Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жыл толып отыр. Осы қанды шайқаста Отанымызды жаудан қорғап, елімізді азат етуге ат салысқан соғыс ардагерлеріне сый-құрмет көрсету кейінгі толқынның басты парызы.

Жеңіс күнін тойлауға орталық алаңға ағылған тұрғындар саны аз болмады. Әсіресе, соғыс жылдары шырқалған әндер орталық көшенің қай бұрышынан алып қарасаң да естіліп тұрды. Мысалға, мына басты сахнада жергілікті өнер ұжымдары әскери әндерден шашу шашуда.

Ал облыстық Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебеп кітапханасының алдына солдат ботқасы әзірленуде. Бұл жерде кез келген қалалық – иісі мұрын жаратын тағамнан дәм тата алды.

Максим Тыщенко – аспазшы

– Солдат ботқасын әзірлеуге 5 келідей қарақұмық кетті. Ерекше ықыласпен әзірледік.

Дайындалған астың дәмін көруге келген тыл еңбеккерлері мен жүріп-тұруы қиын қарияларға арнайы әскери палатка бой көтерген. Төрден тыл еңбеккері Иван Леснякты кездестірдік.

Иван Лесняк – тыл еңбеккері

– Қанды жылдары біз 10 жастар шамасындағы буыны қатпаған ойын баласы едік. Бірақ, сол уақытта үлкендермен бірге ауыр жұмысқа араласуға тура келді. Жер жырттық, егін ектік.

Солдат ботқасынан қала тұрғындары да мейлінші дәм татты.

Сондай-ақ, осы күні орталық алаңда серуендеп жүрген жерлестеріміздің назарына Кеңес Одағы батырларының өмірбаяны жазылған ақпараттық тақта ұсынылды. Келесі бетте облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері – зұлмат жылдары ұрыста қолданылған қару-жарақ түрлерін ұсынып отыр. Әсіресе, кеңес жауынгерінің каскасы мен ескі мылтық көрмені қызықтап жүрген жерлестерімізге ерекше әсер беруде. Ал екінші бұрышта жарақат және сарбазға керекті заттар салынған қобдиша жайғастырылған.

Ирина Горбацевич – Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері

– Мысалға, мына қобдишада майданда жүрген солдаттарға бірінші қажеттегі заттар салынған. Әсіресе, сарбаздар қыста жаурап қалмас үшін жүн-байпақ- қолғаптар жіберетін. Оған қоса темекі, кептірген нанды да ұмытпай жолдайтын болған.

Мерекелік бағдарлама Абай мен Пушкин ескерткіштерінің алдында да ұйымдастырылды. Мұндағы концертті еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін тамашалауда.

Бакыт Садуакасов .