МТРА жаңалықтары

Новоникольское селосында Кеңес Одағының Батыры Иван Куренковтың мүсіні ашылды

Новоникольское селосындағы үлкен мемориалдық кешен халыққа сол сұрапыл соғыстың зардабы мен бүгінгі мейрамның қадірін еске салатындай.

Жергілікті тұрғындар осы жолы Жеңіс күнін жаңартылған ескерткіштің алдында қарсы алады. Мұнда белгісіз сарбаз бен қайғырып отырған ананың тұлғасы қойылған. Ал, жуырда Кеңес Одағының Батыры Иван Куренковтың мүсіні орнатылды. Соғысқа қатысушылардың тізімі де толықтырылыпты.

Мектеп оқушылары жерлес жауынгерлерге құрмет ретінде қолдарына олардың бір-бір суретін ұстаған. Оларды осы жерге келгенде балалар бөлісіп алған еді. Дарья Паряева арғы атасының суретін іздеп қалып, қолына бірден тимегеніне сәл ренжіп, көзіне жас алды.

Дарья Паряева – оқушы

– Мен арғы атам Никифор Бражникті мақтан тұтамын. Ол, отанымызды жаудан азат етуге қатысты. Бірде маған анам әжесінің жұбайын сағына күткенін айтқан еді. Атам майданнан аман-есен оралды.

Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко жеңісті жақындатуда тылда ауыр жұмыс атқарған азаматтардың үлесі ерекше дейді.

Геннадий Зенченко – “Зенченко и К” КС бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері

– Біз соғыс жылдары аштықты көрдік. Тәттіні ойлағанда жоқпыз, аштықты басатын тағамды аңсайтынбыз. Сонда да ешкім шағымын айтқан жоқ. Шыдады, өйткені, ұрыста жауынгерлерге бұдан қиын екенін білді. Келіншектер күні-түні жұмыс істеді. Ауыздарынан жырып тоқаш пісіріп, шұлық тоқып – бәрін майданған жіберіп отырды. Соғыс аяқталғанда мен 8 жаста болдым. Сонда әйелдердің көшеге жүгіріп шығып, мүгедек ер адамдардың беттерінен сүйгені әлі есімде. Бұл жеңісті халық ұзақ күткен еді.

Сұм соғыс балғындарды ерте есейтті. Осылайша, олар еңбекке кішкентайларынан араласты. Бүгінгі бейбіт өмірдің ұрпағы Жеңісті сыйлаған ардагерлерге ризашылығын өлең шумақтарына арқау етті.

Селода көзі тірі ардагер – Николай Ильин ғана. Ол Ленинград түбіндегі шайқасқа қатысқан. Ұрыста үш рет жарақат алыпты.

Николай Ильин – Ұлы Отан соғысының ардагері

– 1920-шы Ленинград облысында тудым. Әскер қатарына 40-шы жылы алынып, міндетімді Эстонияда атқардым. Майданда атқыш болдым. Фашистердің қаншасының оққа ұшқанын санамаймыз, әйтеуір құлап жатады, өлі ме тірі ме онысы белгісіз. Елге оралған соң теміржол саласында еңбек еттім. 5 ұлдан 11 немере мен 8 шөбере сүйдім.

Бұдан кейін ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Қанша қазақстандық азамат қан майданда жер құшып, хабар-ошарсыз кетті. Митінгіге жиналған жұрт Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Соғысқа Новоалександровка селосының тұрғыны Тұрсын Сәрсембаевтың әкесі қатысқан. Елге аман-есен оралады. Әкесінің ағасы Жеңіске бір күн қалғанда 45-ші жылдың 8 мамырында Берлинде қаза тапқан екен.

Тұрсын Сәрсембаев

– Әкемнің ағасы бар – міне, Сәрсембаев Ерғали Сәрсембаевич. Нағашым – Қожанов деген, оның ағасы – Қожанов Бегібай Қожанұлы. Ол соғыстан келмеді. Менің әкем – Сәрсембаев Құрманғали. 41-ші жылы соғыста кетіп, 47-ші жылы келді.

Кеңес Одағының Батыры Иван Куренков туралы Новоникольское орта мектебінің мұражайында жазылған. Бұл атақ оған Сейм өзенінен өту кезінде ерлік көрсеткені үшін 25 жасында беріліпті.
Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шара селолық мәдениет үйінде жалғасты. Мұнда тұрғындарға арналып концерт қойылды.

Залда ине шаншар жер жоқ. Бұл күні адамдарды соғыс туралы әсерлі әндер әуені тербеп, толқытпай қоймады. Сол кездің ауыртпашылығын еске алды ма екен кейбіреуінің жанары жасқа толып отырды.

Данаш Хамзина – тілші

– Кеңес Одағының Батыры Иван Куренков, міне, мына үйде тұрыпты. Ол соғыстан кейін осында шаруашылық меңгерушісі қызметін атқарған екен. Бүгін Иван Куренков тұрған көшеге батырдың есімі берілді.

Данаш Хамзина.