Билік

Мереке күні Жеңіс саябағында Даңқ аллеясы ашылды

1985 жылы негізі қаланған Жеңіс саябағы бүгінде адам танымас кейіпке енген. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында демалыс орны күрделі жөндеуден өтіпті. Отырғызылған гүлзарлар мен түрлі ағаштар саябаққа көрік беріп тұр. Борис Ляхов пен жұбайы Наталья Михайловна мұнда серуендеуге жиі келіп тұрады. Көнекез қария өзгерістерге дән риза.

Борис Ляхов

– Саябақты жаңғырту жұмыстары менің көз алдымда орын алды. Күн сайын барлық жұмысшылар еңбек етіп, демалыс орнын абаттантырды. Қазір барлығы әсем, гүлдер құлпырып тұр.

Расында да саябақта ине шаншар жер жоқ. Солтүстікқазақстандықтар Ұлы Жеңістің 70 жылдығын думандатуға көптеп жиналды. Келген жұртшылыққа “Шаңырақ” студенттік театрының ұжымы майдан туралы көріністер қойып, соғыс жылдарындағы әндерді шырқауда.

Оңғарбек Мұрсалбек – “Шаңырақ” студенттік театрының актері

– Бүгін біз келген жұртшылыққа ата-бабаларымыздың майдандағы өмірін сахналық көрініспен көрсеттік. Сол жылдардағы әндерді шырқадық.

Ал саябақтың кіре берісінде қолдарын қызыл қалампыр гүлдерін ұстаған жерлестеріміз алаңға келген батырларды, яғни бейбіт өмір сыйлаған ардагерлері қошеметпен қарсы алуда. Ерлікке тағзым жасап, бас иіп алғыс білдірген солтүстікқазақстандықтарды облыс әкімі Ерік Сұлтанов Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтады.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– Құрметті жерлестер сіздерді Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтаймын. Маңызды мереке күні Жеңіс саябағында Даңқ аллеясын ашқалы отырмыз. Бұнда Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан Кеңес Одағының Батырлары мен Даңқ ордені иегерлерінің есімдері тасқа қашалып жазылған.

Бүгінгі күн теріскейліктер үшін өте маңызды. Себебі Жеңіс саябағында 55 Кеңес Одағының батыры атағын алған жерлесімізбен 11 Даңқ ордені иегерлерінің есімдері тасқа қашалып жазылған аллея ашылды. Тақтадағы жазуларды Сабыр Ибраев мақтанышпен оқиды. Өйткені оның атасы Ысқақ Ыбыраевтың есімі тасқа қашалып жазылған.

Сабыр Ибраев – Кеңес Одағының Батыры Ысқақ Ыбыраевтың немересі

– Сол сұрапыл соғыста менің атам Ысқақ Ыбыраев Кеңес Одағының Батыры атанды. Міне оны халық елеп, тақтаға есімін жазды. Әрине мен оған қуаныштымын.

Аллея ашылғаннан кейін өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов бір топ соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлерімен бірге саябаққа эксукрсияға аттанды. Мұнда меймандарды жерлестеріміз қатысқан соғыстың негізгі кезеңдері жазылған 7 пилонада мектеп оқушылары қарсы алып, кескілескен ұрыстар жайын баяндап берді.

Рахат Бектембаев – №2 орта мектебінің оқушысы, Петропавл қаласы

– 1942 жыл стратегиялық қорғаныс Сталинград шайқасы. Ол екінші дүниежүзілік соғыстағы басты шайқастардың бірі.

Экскурсия аяқталғаннан соң аймақ басшысымен ардагерлер ерлікке тағзым етіп Жеңіс стелласына гүл шоқтарын қойды.

Бүгін өзінің майдандастарын еске алуға Георгий Герасимовта келіпті. Қарт ардагер Отан алдындағы борышын өтеп жүргенде қанды майданға аттанған екен. Кеңес әскерінің жауды жеңуіне не көмек болды деген сұраққа ардагер былай тіл қатты.

Георгий Герасимов – Ұлы Отан соғысының ардагері

– Бізде басқа амал қалған жоқ. Барлығы Отан үшін жан пида деп алға шапты. Себебі жаулар біздің жерімізді таптап баспаулары қажет.

17-18 жасында майдан өтіне аттанған боздақтар бүгінде 80-90-ға жетіп, қазыналы қарияға айналып отыр. Барлық сый-құрмет бүгін сол жандарға арналды.

Ал қазіргі таңда бейбіт өмірде тұрып жатқан барша жұртшылық жерлестерін мерекемен құттықтап, енді соғыс болмауын тілеуде.

Ғазиз Нұрғожин

– Қаламыз жылдан жылға көркейіп келе жатыр. Әрдайым солай бола берсін.


Күлиля Мұхамадиева

– Барша қазақстандықтарды Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтаймын. Аспанымыз ашық болсын.

Әнуарбек Қазыбеков

– Бүгін мерекеге орай жақсы бағдарлама жасалған. Барлығы мейраммен құттықтаймын.

Айнұр Серікова

– Қазіргі таңда біз ардагерлердің арқасында бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Оларға Жеңіс үшін мың алғыс айтамын.

Риат Шони.