МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Қызылжар барысы -2015” өтті

Дүбірлі додаға ортақтасқан облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Сапаров күрес десе ішкен асын жерге қоятын қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі.

Айдарбек Сапаров

– Бүгін біз Республикалық жарыста облыс неамысын қорғайтын палуанды анықтайтын боламыз. Тек мықтылар ғана жеңіске жетеді.

Бірінші болып кілемде төс қағыстырған Петропавлдық Ерік Күлжанов пен Аққайыңдық Нұрсұлтан Әбішев болды. Спортшылар бірден тартысты белдесуге кірісіп кетті. Санаулы минутта таза жеңіске жеткен Нұрсұлтан палуан келесі кездесуге жолдама алды. Ал кейін алаңға Уәлиханов ауданының спортшысы Алтынбек Аусағитов пен қаламыздың намысын қорғаған Абу Манас шықты. 2 минут күрескен спортшылар бір-біріне дес берер емес. Тек ойынның соңғы секундтарында Алтынбек қарсыласын жамбасқа салды.

Турнир жүлдесін сарапқа салуға Мамлют ауданының палуаны мен Қызылжар ауданының спортшысы да асықты. Бұл белдесуде Қызылжарлық Ерсұлтан Сайдуллаевтың бағы жанды.

Спортшыларды қолдауға келген халықтың қарасы қалың. Әрқайсысының өз фавориті бар. Диас Борашев бүгін Шал ақын ауданының палуандарына жанкүйер болып келген.

Диас Борашев – жанкүйер

– Бұл жарысқа жыл сайын келемін. Әр жылы жарыс өз деңгейінен жоғары өтеді. Әр жыл өзінің қызықты палуандарымен ерекшеленеді. Жыл сайын бұл белдесуде Шал ақын ауданына жанкүйермін. Палуандарға сәттілік тілеймін.

Облыстық кезеңде бағын сынаған әр палуан өз ауданында озып шыққан. Сондықтан, қайсібірі жеңімпаз болуға лайықты. Тек салмағы мен ебі асқаны үздік атанып, алдағы республикалық додаға аттанады. Қызылжар Барысы атанған спортшыға алтын белбеу мен 300 мың теңге табысталмақ, екінші орын иегері 200 мың теңгені олжалайды. Жүлделі үшінші орында тұрақтаған спортшыға 100 теңге қарастырылған.