Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Ал бүгінгі егемен елдің сақшылары – мына жігіттер. Әскери институттың бір топ курсанты қарт майдангер Анатолий Гершуновты қаумалап, кеудесінде күн сәулесімен шағылысып, жарқырап тұрған медальдарын қызықтауда. Олардың әрбіреуі – жанқиярлық рухтың, сонау ерліктің белгісі. Сол себепті де, 40-шы жылдардың сарбазы бүгінгі ұрпаққа қашан да үлгі – олар Ұлы Отан соғысында қасық қаны қалғанша жаумен алысты.
Мерхат Садықов оқуын биыл бітіреді. Жас сарбаз Қызыл диплом алмақшы. Өмірін саналы түрде әскермен байланыстырған Семейдің тумасы елге абыройлы қызмет етуді армандайды.

Мерхат Садықов – ҚР Ұлттық Ұланы Әскери институтының курсанты

 

– Бала кезімдегі арманым – ата-бабамның берген жеңісін асқақтата, яғни одан әрі қызмет етіп, Алла жазса, осы Әскери институтты бітіргеннен кейін Қазақстан Республикасына Отанымыздың көк байрағын желбірете, елдің тыныштығын қамтамасыз ету барысында, өзімнің еліме адал еңбек етіп, ары қарай қызмет атқару.

Ағаларына қарап Дархан Қайыржанов та бой түзейді. 8 жасар балғын Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында оқиды. Әскерилердің қызметі оны кішкентай кезінен қызықтырады. Бүгін үстіндегі мына форманы арнайы тіккізіпті.

Дархан Қайыржанов – оқушы

– Бұл – үшінші әскери киімі. Өйткені, мен оны әрбір парадқа киемін. Менің аталарым соғысқа қатысқан. Олар сол соғыстан оралған жоқ. Мен өскенде десантшы болғым келеді.

Бүгін ұрпаққа бейбіт күнді сыйлаған қариялар жастардың оны бағалайтынына сенеді. Ұлы Отан соғысының ардагері Қожатай Некібаев тәуелсіз елдің сарбаздарын мерекемен құттықтап, күштерінің нығайып, айбындарының асқақтай беруін тіледі.

Қожатай Некібаев – Ұлы Отан соғысының ардагері

– Әскери міндетін атқарып жатқан азаматтарымыз бар. Барлығы да жақсы қызмет атқарып жатыр, оны көріп отырмыз. Әлде болса да жақсы атқарып, еңбектері жемісті болып, әр уақытта биік сатыдан көріне берсін.

Бүгінгі жиынның қазақтың қаһарман батырлары, әйгілі қолбасшыларына арналған ескерткіштің алдында өтуі бекер емес. Қанды көйлек достар туған елді бөтенге бермеу үшін жоңғарлармен талай рет алысты. Олар ерліктерімен тарихта қалды. Осы жерге жиылған қалың қауым, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер мен оқушылар қос арыстың құрметіне гүлдерін ала келген. Ең алғашқы гүл шоғы облыс әкімінің атынан қойылды.

Қала тұрғындары қазақстандық Қарулы күштердің қазіргі таңдағы жоғары беделін мақтан тұтады. Олар әскерилердің тек бейбіт күнде қызмет етуін тіледі.

– Батыр күні барлық ер-азаматтарымызды құттықтаймын. Бәріміздің осындай қорғанышымыз, тірегіміз болсын. Барлығына жақсылық, ашық аспан тілеймін. Соғыс болмасын.

– Бізде әскери салаға мол қаржы құйылады. Сол себепті, олардың қамтамасыз етілуі жақсы деңгейде деп ойлаймын. Бәріне мықты денсаулық пен бейбітшілік тілеймін.

– Мен өскенде әскерге барып, еліміздің үлкен азаматы болып елімді қорғаймын. Осы еліміздің қорғаған адамдарға басымызды иеміз және солардың жолынан ереміз. Біздің еліміздің қорғаған әскери адамдарға сенеміз.

– Біз бүгін ескерткішке гүл шоқтарын қойдық. Мен адамдарды осы Батыр күнімен құттықтаймын. Бізде батыр көп болсын. Бәріне денсаулық пен бақыт тілеймін.

 

 

Данаш Хамзина.