Спорт

Отан қорғаушылар күні шағын футболдан жарыс өтті

Таңсәріден турнирге қатысушылар үздік үштікті анықтау үшін барларын салып, намысты қолдан бермеуге тырысқан еді. Жарысқа кез-келген адам қатыса алады. Сондықтан, мұнда денсаулығына байланысты арнайы мектептерде білім алып жүрген жастар да молынан. Жас ерекшелігі бойынша, шағын футбол турнирінде 16 мен 17 жас аралығындағы бозбалалар бағын сынады.

Серік Нұрғожин – №1 арнайы түзету мектеп-интернатының дене тәрбиесі пәні мұғалімі

– Бұл сайыс Отан қоғаушылар мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналып отыр. Мұнда 7 команда қатысты. Қазір кім чемпион атанатыны анықталады.

Ақыры алаңға жасыл жейдедегі медициналық колледж студенттері мен қызыл жейде киген №1 арнайы түзету мектеп-интернатының тәрбиеленушілері шықты. Ұзақтығы 20 минутқа созылатын ойында болашақ ақ халатты абзал жандар бірден шабуылға кірісті. Сауатты шабуылдар жасап, көп ұзамай есепті де ашып үлгерді. Дегенмен, №1 арнайы түзету мектеп-интернатының аяқдоп шеберлері оңай шағылатын жаңғақ емес. Олар да қарымта шабуылдарға көшіп, гол соғып, еселерін қайтаруда. Ойынның екінші жартысында қызыл жейдедегі футболшылар шабуылдарына қарқын қоса түсті. Тактикалық амалдарға көшіп, қарсыластарының қақпасына голдарды бірінен соң бірін соқты. Алғашында абдырап, есеңгіреп қалған студенттер, ойынның аяғына қарай естерін жинады. Өкінішке орай, есе қайтаруға уақыт жетпеді. Қорытынды есеп 8-7 – №1 арнайы түзету мектеп-интернаты командасының пайдасына шешілді.

Мәди Есенбергенов – №1 арнайы түзету мектеп-интернатының оқушысы

– Біз жеңіске жеттік. Мен оған өте қуаныштымын. Қарсыласымыз мықты болды. Ойын оаңай болған жоқ.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамотамен марапатталды. Ал турнирдің чемпиондары оларды қолдайтын демеуші табылса, 14-ші мамыр Атырау қаласында өтетін республикалық жарысқа аттанбақ.

 

 

Риат Шони.