Без категории

Батырдың ерен еңбегін ел ұлықтайды

Николай Морозов, Ұлы Отан соғысының ардагері

– Бәрі тамаша болатын. 8 сыныпта оқып жүрдім. Сол күні ертең неміс тілінен емтихан тапсырамын деп дайындалып отырғанымда, бір көріпкел сыған бізге келіп бұл тіл саған жақында Германиямен соғысқанда керек болады деді. Әкем ауызыңа келгенді айтпа деп, әлгіні қуып жіберді. Сығанның айтқаны келіп, ертеңінде соғыс басталды да кетті. Мәскеуге жақын орналасқан менің ауылымды да қорғау керек болды. Сөйтіп, Орлов облысынан 17 жасымда майданға аттанып кеттім.

Сол кеткеннен бала жігіт қанды ұрыстар даласында 1942 жылы 216 атқыштар полкінде, 1943-44 жылдары 115 гвардияның пулемет бөлімінің командирі болған. Мәскеу маңындағы Орел, Двинск, Вильно сынды бірнеше қалаларды азат етуге қатысқан. Ал, Днепр түбіндегі ұрыста «ержүректігі үшін» медалімен марапатталған. Қария 5 жылда 2 рет оққа ұшып, сол жауырыны мен оң жанбасынан ауыр жарақат алғанын айтады.

Николай Морозов, Ұлы Отан соғысының ардагері

– Біздің бөлім Латвияның Токумск қаласының түбіндегі қақтығысқа дайындалып жатқанда жігіттер соғыс біткенін хабарлады. Әбден шаршаған, соғыс қиыншылығын көрген біздер оған сенген жоқпыз. Тағы да қақтығыстың орын алатынын білдік. Шынымен де одан кейін бізді Қиыр Шығысқа жөнелтті.

1947 жылы әскерден қайтқан Николай Морозов бірден «Туланың үш жылдық поровоз-машинист техникумына» түскен. Бітіргесін Петропавл станциясының локоматив депосына жолдама бойынша келіп, 55 жыл қызмет етіп зейнетке шығады. Бүгінде жары өмірден озған, десе де, екі қызынан туған 10 шақты немере-шөбересі қарияға қарайласады. Тіпті көрші-қолаң да ақсақалға көмек қолын созып тұрады. Мысалы, мына кіре беріс есікке ілінген құттықтау өлеңін соғыс ардагерін құрмет тұтатын көршілері өздері шығарыпты.

 

Акбопе Танирберген.