Спорт

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында шағын футболдан облыс әкімінің жүлдесі үшін турнир өтті

Анархан Дүйсенова – облыс әкімінің орынбасары.

-Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы құрамында болған елдер үшін қасіретті жылдар болды. Ата-бабаларымыз болашақ үшін аянбай күресті. Бүгінде өңірде Ұлы Жеңіске орай түрлі шаралар ұйымдастырылуда.

Сайысқа қатысушы командалар А және Б топтарына бөлінді. 3 қалалық және тағы сонша аудандық құрамалар алдын ала іріктеліп, мықтылары финалдық кезеңге жеткен.

Рустам Бейжанов – жарыс төрешісі.

-Аудандық командалар үшін үш аймақта іріктеу ойындары өткен болатын. Ақтық кезеңге Уәлиханов, Ғ.Мүсірепов және Есіл аудандары әкімдіктерінің құрамалары өтті. Жалпы бұл турнирге барлығы мықты дайындықпен келген.

Бұл – “Ұлттық Банктің” солтүстікқазақстандық филиалының командасы мен Есіл ауданы әкімдігі құрамасының топтық кездесуі. Әзірше, банк қызметкерлері алғашқы матчты Уәлиханов ауданымен өткізіп, жеңіске жеткен. Бұл тартысты ойында қарсыласын тізе бүктірсе финалға жолдама алмақ. Сол себепті де қаржыгерлер тактикалық шабуылдар жасап алға ұмтылуда. Қарсыластарының қорғанысы мықты болғанымен, қызыл жейдедегі шабуылшылар оның кілтін таба білді.

Банк қызметкерлері екінші голды да көп күттірмей тез арада соқты. Есілдіктер жіберген еселерін қайтарғылары келгенімен уақыт қалмады. Алғашқы тайм өз аяғына жетті. Келесі 15 минуттық ойын да қызыл жейдедегі футболшылар үшін сәтті болды. Кездесудің екінші жартысында қақпаға тек бір ғана гол соғылды. Қорытынды есеп 3-0, банк қызметкерлерінің пайдасына шешілді.

Руслан Мұхамеджанов – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚФ командасының капитаны.

-Қарсыластарымыз дене шынықтыру жағынан мықты екені әрине көрініп тұр. Бірақ, тактикалық жағынан әлсіздеу. Біз күнде кешке өз арамызда футбол ойнап жаттығатынбыз. Соның арқасында жеңіске жеттік. Есілдіктер мықты қарсылық көрсетті.

Сонымен, қаржыгерлер құрамасы – финалда. Енді олардың қарсыласы Ғ.Мүсірепов ауданы әкімдігі мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі командаларының арасында өтетін ойын нәтижесінде анықталады. Әзірге, қос құрама да өздерінің алғашқы кездесулерін сәтті аяқтаған екен.

Әліби Мирхамидов – Ғ.Мүсірепов ауданы әкімдігі командасының ойыншысы.

-Қазір финалға жолдама алуға облыстық әкімдікпен таласатын боламыз. Турнирге мықты дайындықпен келдік. Мықты команда жеңіске жетсін.

Ғ.Мүсірепов ауданының құрамасы облыстық әкімдіктің командасына есе жіберіп, үшінші орын үшін таласып, өкінішке қарай, тағы жеңіліс тапты. Ал финалдық бәсекеде Ұлттық банк пен облыстық әкімдіктің құрамалары күш сынасты. Тартысқа толы кездесуде қаржыгерлер айтарлықтай басымдық көрсетуде. Көк жейдедегі ойыншылар бір-бірімен пас алмасып, қарсыластарының қақпасына гол да соғып үлгерді. Облыстық әкімдік командасының футболшылары қарымта шабуыл жасап, есепті теңестіргілері келгенімен, оларынан түк шықпады. Қалған уақытта банк қызметкерлері тізгінді өз қолдарына алып, жауапсыз 6 голды қарсыластарының қақпасына соғып, турнирдің чемпионы атанды.

Жомарт Қажырақымов – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚФ директоры.

-Турнирде Ұлттық Банк командасы жеңіске жетті. Әрине, мен басшы ретінде оған қуаныштымын.

Сонымен жарыс қорытындысы бойынша үздік үштікті Уәлиханов ауданы әкімдігі тұйықтап, 100 мың теңгенің сертификатын иеленді. Күміс жүлдені облыстық әкімдіктің құрамасы қанағат тұтып, 200 мың теңгенің сертификатын еншіледі. Ал Ұлттық Банк филиалының командасы турнирдің чемпионы атанып, 300 мың теңгенің сертификатын қанжығаларына байлады. Жарыста жүлдегер және жеңімпаз атанған командалар өздерінің марапаттарын, яғни ақшалай сыйақыларын бүгінгі бейбіт өмірді сыйлаған ардагерлерге табыстауды жөн санап, майдангерлерге алғыстарын білдірді.

Қожатай Некібаев – Ұлы Отан соғысының ардагері.

-Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында бізге көп көңіл бөлінуде. Оған өз алғысымызды білдіреміз. Асапанымыз ашық болсын.

Ендігі кезекте осындай турнир жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ.

 

 

 

Риат Шони.