Білім

Ұстаз мәртебесін арттыру

Айбол Құдайберген өз қатарластарының қарым-қабілетін байқап, көрмені тамашалаушыларға Еуропа елдерінде кеңінен танылған “Коридор” атты ойынның әдісін көрсетті. Ол орта, жоғары буындарға арналған. Айболдың сөзінше, ойын тактикалық ойлау қабілетін шыңдап, қолдың ұсақ моторикасын дамытатын көрінеді. Ынта қойған адам логикалық ойынды 15 минуттың ішінде үйреніп алады.

Айбол Құдайберген, дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының оқушысы.

-Ойынның мақсаты – мына фигураны мына шеттен екінші шетке тақтайшаларды пайдалану арқылы жеткізу керек. Егер екі фигура қатар келіп қалса, оны аттап өтуге болады.

“Дарынды балаларға – талантты ұстаз” педагогикалық олимпиадасы 9 жыл бойы республикалық деңгейде өтіп келді. Бұл жолы аталмыш сайысқа халықаралық дәреже беріліп, білім додасына Омбы мен Қорған облысының ұстаздары мен оқушылары қатысуға мүмкіндік алды.

Анна Урванцева, Қорған педагогикалық колледжінің студенті, РФ.

-Мұнда Ресейде тұратын диаспоралар жайында айтуға келдік. Біздің колледжде түрлі ұлттың өкілі оқиды. Біз бүгін қазақстандық әріптестерімізге олардың ұлттық киімдері мен әндерін ұсынамыз. Осы жерде пікір алмасып, елдеріңізде тұратын халықтардың тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысқымыз келеді.

Бұл флешмобты М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің ұжымы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арнады. Сахналық қойылымдардан кейін педагогтар жиынның негізгі бөлігіне кірісті. Мәжілісте сөз алған облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова білім беру саласы – ел саясатындағы басым бағыттарының бірі екендігін атап өтті.

Анархан Дүйсенова, облыс әкімінің орынбасары.

-Дарынды ұстаздардың қабілетін шыңдауда бұл олимпиаданың маңызы зор. Ұстаз бәсекеге қабілетті болса, шәкірті де жан-жақты балмақ.

Педагогикалық олимпиадада әр аймақтан келген мұғалімдер мен ЖОО-ры мен колледж студенттері әріптестеріне оқушылардың ізденімпаздығын арттыратын тың жобалар мен сабақ үлгілерін ұсынады.

Лаззат Бозшаева, №71 мектеп-лицейінің мұғалімі, Астана қаласы.

-Біздің топ “Қазақ қыран қыздары” деп аталады. Біз елордасы астанада келіп тұрғандықтан жеңуіміз керек.

Айгерім Айтымбетова, №2 мамандандырылған үш тілде оқытылатын мектеп-интернатының мұғалімі, Шымкент қаласы.

-Менің жобам оқушының сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамытуға септеседі. Оның ізденісі көбейеді.

Шығармашылық шеберлік сайысында әр аймақтан жиналған үміткерлердің білім деңгейін профессорлар, докторлар мен ғылым кандидаттары бағалайды. Олардың қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Роза Бекмағамбетова бар.

Роза Бекмағамбетова, қазылар алқасының төрайымы.

-Жыл сайын олимпиадаға қатысушы үміткерлер санының артуы қуантады. Бұл шығармашылық сайыс мұғалімдердің беделін арттырып, олардың кәсіби деңгейін көтереді. Ұстазы жақсының ұстамы жақсы. Егер ұстазы жан-жақты, бәсекеге қабілетті, дарынды, 3 тілді тең меңгерген жан-жақты тұлға болса, онда ол шәкіртін де солай етіп тәрбиелей алады.

Жалпы “Дарынды балаларға – талантты ұстаз” Х халықаралық педагогикалық олимпиадасына жиыны 300-ге жуық адам қатысуда.

 

 

 

Берик Касен.