Құрылыс

Республикалық Kaxarman.kz сайтының тұсауы кесілді

Артур Молдағұлов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасының орынбасары.

-Біз жаңа интернет-порталдың тұсауын кескелі отырмыз. Еліміздің әрбір тұрғыны бұл сайтқа кіріп, майдангерлер туралы кез келген ақпаратты қарай алады. Бұл құптарлық істі жасауда Қорғаныс істері жөніндегі департамент пен облыстық мұрағат үлкен көмек көрсетті.

Жобаның тұсауы кесілгеннен кейін жаңа интернет-ресурста не бар екені жайлы сөз қозғалды. Kaxarman.kz сайтында Ұлы Жеңіс күніне арналған шаралар жайлы толық мәліметтер,
соғыс туралы әндер, мерейтойға байланысты бейнероликтер жүктелген. Және де ардагерлердің басынан кешірген әңгімелерін де осы сайттан табуға болады. Интернет-ресурстағы ақпараттар жаңартылып, толықтырылып тұрады. Осы орайда жастар қала тұрғындарын өздерінің майдангер туыстары жайлы мәліметтер ұсынуды сұрайды.

Азамат Шаймерденов – “Нұр Отан” партиясы “Жас Отан” ЖҚ СҚОФ төрағасы.

-Бұл – қазіргі сандық технологиялар заманында өте пайдалы бастама. Біз жастар әрдайым ғаламторда отырамыз және оңайлықпен сайтқа кіріп, ақпарат сала аламыз. Менің атам соғысқа қатысқан. Өкінішке орай, ол кісіні көзі тірісінде көре алмадым, тек туыстарымның әңгімесінен естідім. Қазір мен ол туралы мәліметтер жинап, фотосуреттерін іздестірудемін. Алда атам жайлы ақпаратты сайтқа енгіземін деп жоспарлап отырмын.

Бүгінде өңірде Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтуге дайындық шаралары қарқынды түрде жүруде. Нұротандықтар қала тұрғындарын шетте қалмай, сайттың мәліметтер базасын жаңа әрі қызықты фактілермен толықтыруға шақырады. Айта кету қажет, қазіргі таңда Астахов Михаил Ермалаевичтің туысқандарын іздестіру шаралары қолға алынған. Солтүстікқазақстандық солдаттың медалі Еске алу вахтасы кезінде Ресейдің Смоленск облысында табылыпты.

 

Риат Шони.