Спорт

“Құлагер” ипподромында ат жарысы өтті

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары.

-Сіздерді Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған ат спорты жарысының ашылуымен құттықтаймын. Есіл ерлерінің сол соғыстағы өшпес ерліктері – жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Бүгінгі ұрпақтың парызы – бейбітшілік, татулықты, ұлтаралық келісімді сақтау.

Бұл жолғы бәйге ат жарысының 11 түрі бойынша өтті. Ұлттық спорт түрінен бағын сынап, әр кезеңде жеңімпаз атануға дәмелі шабандоздар қатары да аз болмады. Оған қоса өңірлік жарысқа Астана және Щучинскіден, тіпті, Ресейдің Магнитогорск қаласынан да үміткерлер келіп отыр.

Мұрат Халықов – жарыстың бас төрешісі.

-Ат жарысын ары қарай дамытып, елді, өсіп келе жатқан жас ұрпақты – осы балаларды ат ойынына тарту. Ежелден келе жатқан спорт түрі ғой. Сондықтан, өзіміздің ат жарысын дамыту керек.

Ең алдымен, ипподромға жиналған қауым үлкен жастағы аттардың ұшқыр бәйгесін тамашалады. Бұл сынға 5 шабандоз қатысуға тілек білдірген. Оның ішінде екеуі – елордалық сайыскерлер. Асыл тұқымды аттар бәйгесінде басынан аяғына дейін Линара Усманова тізіндеген құнан мәреге алғаш болып жетті.

Линара Усманова – шабандоз, Ғ.Мүсірепов ауданы.

-Бәйгеге қатысып жүргеніме 5 жылдай болып қалды. Осыған дейін сәйгүлігім талай бәйгелерде топ жарған болатын. Осы жолы да сенімімді толықтай ақтады. Дайындық та жоғары болды.

Ал, 3 жастағы желіс аттардың шабысы көрермен қауымның назарын әсерлігімен баурап алды. Жарыс жолына шыққан 5 сәйгүліктің ішінен француз тұқымдас жылқы ешкімге дес бермей, бірінші болып жетті.

Артем Чибисов – шабандоз, Қызылжар ауданы.

-Әрине, әрбір жарыста жеңіске жетуің көп жағдайда баптап әкелген тұлпарыңа байланысты. Шабандоздың өзін-өзі ұстауы да аса маңызды. Бұл жарыста алдын ала болжаудың өзі қиын. Өйткені, күтпеген жағдай орын алуы мүмкін. Бүгін бағым жанып, тізгіндеген сәйгүлігім бірінші орын әкелді.

Кейін 5 мың метрлік жорға, топ және аламан бәйге мен құнан жарысы өтті. Барлық шабандоздар диплом, кубок және ақшалай сыйақылармен марапатталды.

 

 

Бакыт Садуакасов.