МТРА жаңалықтары

Қазақстан халқының бірлігі мерекесінде балаларға арналған ойындар өткізілді

Тәуелсіз Қазақстанды мекен ететін ұлт пен ұлыс «бірлік түбі – береке» екенін біледі. Сондықтан, 1 мамыр ынтымақ мерекесін барынша әспеттеп, кең көлемде атап өтуге тырысады. Биыл да татулықты ту еткен солтүстікқазақстандықтар бұл мейрамды ерекше тойлауда. Оны өткізіліп жатқан шаралардың көптігінен-ақ аңғаруға болды.

Алтын Сейітова- «Ақ бота» балабақшасының директоры.

-Біз балалар үшін «Сурет және фантазия» атты шара ұйымдастырдық. Ол балалардың шығармашылығын дамытуға септеседі.

Ал мына жерде кішкентай қала тұрғындары ұлттық ойындарды ойнап жатыр. Орыс, корей, татар, қазақ деп бөлінбеген көп ұлтты қазақстан балғындары барлық ұлыстардың ұлттық ойындарына қанығуда. Ал сахнада достықты, бірлікті паш ететін әндер шырқалуда.

Ынтымақ пен бірлікті паш еткен шараға қатысушылар ұлт пен ұлысқа бөлінбей, бір- бірін осы жарқын мерекемен құттықтауда. Ал Сергей Мартемьянов пен Күлімкөз Смайылованың жанұясы үшін бұл ерекше қастерлі мейрам. Интернационал отбасы елімізде тұратын ұлттар мен ұлыстардың татулығының арқасында, шаңырағымызда да келісім орнаған дейді.

Күлімкөз Смайылова- Әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры.

-Бірлік күні біз үшін ерекше. Өйткені біз 2 ұлттың өкілдері бір шаңырақ астанда тату- тәтті тұрып жатырмыз.

Бұл күннің ерекше мәнді де сәнді өтуі үшін өңіріміздің қолөнер шеберлері де өз үлестерін қосып жатыр. Тас, шыны, қағаздан жасалған түрлі бұйымдар көздің жауын алады. Мерекеге қазақтың оюларын ойып тұрып, көрпе, қалта, қоржынын Тұрсынай Ысқақова да әкеліпті. Ол Есіл ауданының Явленка елді- мекенінен арнайы келген.

Тұрсынай Ысқақова- қолөнер шебері, Есіл ауданы.

-Бүгін міне арнайы келіп, осы қолымнан келетін қазақтың ұлттық заттарын жасап алып келіп отырмын.

Бұл күні бір атаның балаларындай болған қазақ, орыс, корей, укриан және елімізде тұратын өзгеде 130-дан астам ұлт пен ұлыс достықтың әнін әуелете шырқап, қол ұстасып достықтың биін биледі. Тұрғындар бұл еліміздегі халықтар арасындағы мызғымас достықтың көрінісі дейді.

-Мереке құтты болсын. Баршаларыңызға береке, бірлік, тыныштық тілеймін.

-Бүгін Қазақстан дамыған елдер қатарында. Соның бәрі татулықтың арқасы. Сондықтан мереке құтты болсын.

-Бүгін шаттық, қуаныштың мерекесі. Барлығын құттықтаймын.

Сахнада шырқалған ән де достықтың, татулықтың белгісін көрсеткендей әсер қалдырады.

 

 

Магжан Ахмадина.