Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстікқазақстандықтардың Елбасына деген сенімі зор

Қазір бізде береке де бар, бедел де бар. Оған Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтау кезінде тағы бір көз жеткіздім дейді “Асыл мұра” орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаев. Зиялы қоғам өкілі мұндай тарихи шараға осымен екінші рет қатысыпты. Қазақ элитасының қаймағы жиналған, көптеген елдің өкілдері қатысқан ұлықтау рәсімі Таңат Сүгірбаевқа тамаша әсер қалдырған екен.

 

Таңат Сүгірбаев – “Асыл мұра” орталығының жетекшісі.

-Қандай қиындықтар болды, жалпы әлемде – 2007-2009-шы жылдардағы экономикалық дағдарыс. Соған қарамастан Қазақстан 2012 жылы алдыңғы қатарлы 50 елдуің қатарына қосылды. Ендігі үлкен мақсат – алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарында болу. Елбасы – Қазақстандағы бірліктің, бейбітшіліктің, ынтымақтың символы дейміз. Міне, соны халық түсінген сияқты.

Мемлекет басшысын сайлауда осы жолы қазақстандықтар ұйымшылдық танытып, 97,75 пайыз Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс бергені белгілі. Бүкіл халықтың бірауыздан Елбасыны таңдауы – оған деген сенімді білдірмек.

Юрий Белоног – Облыстық аурухананың бас дәрігері.

-Президентті ұлықтау рәсіміне қатысу – мен үшін зор мәртебе. Сол сәтте Елбасының бойынан қазақстандықтардың осымен 5-ші рет зор сенім артып отырғанына мақтанышы сезілді. Нұрсұлтан Назарбаев білім мен денсаулық сақтау саласына халықаралық стандартқа көшуді ұсынды. Менің ойымша, бұл – дұрыс шешім. Өйткені, ол сапаны көтеретін бірден-бір жол.

Сағындық Салмұрзин – “Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы” РҚБ СҚОФ басшысы.

-Жиырма-ақ жылда өз халқын, Қазақ елін, көркем астанасын бүкіл әлемге танытты. Ел экономикасын өрлетті, ғаламдық мәселелерді шешуге өз үлесін қосты. Салмақты ұлттық саясат жүргізіп, зайырлы, демократиялық, басқа ұлт өкілдерінің ынтымақ, бірлігі жарасқан тәуелсіз мемлекет құрды. Оның жаңа тарихын алтын әріптермен жазып жатқан – Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев.

 

 

Данаш Хамзина.