МТРА жаңалықтары

Петропавлдағы Жеңіс саябағы күрделі жөндеуден өтті

Елена Балло – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары.

-Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тапсырмасы бойынша қаладағы “Жеңіс саябағы” күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Саябақты қалыпқа келтіруге облыстағы барлық кәсіпкерлер ат салысты. Соның ішінде әсіресе “Основание”, “Лира” құрылыс компаниялары мен “Апаттық құтқару” қызметі барынша қолдау көрсетті. Сондай-ақ қалалық ардагерлер кеңесі үстіміздегі жылы есепшот ашқан болатын. Игі шараға бей-жай қарамайтын жандар 5 миллион теңге қаражат аударды.

Шынында да, Жеңіс саябағының бүгінгі кейпі мүлдем ерекше екендігін аңғару қиын емес. Әсіресе, даңқ аллеясы бірден көзге түседі. Жеңістің 70 жылдығына орай қаланған ақпараттық стеллада солтүстікқазақстандық Кеңес Одағының Батырлары мен Даңқ орденінің 66 иегерінің аты тасқа қашалып жазылған.

Елена Балло – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары.

-Солтүстікқазақстандық сарбаздар соғыс жылдары ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, жауға тойтарыс беруде қайсарлық танытты. Соның ішінде Мәскеу түбіндегі шайқас, Ленинград қаласын қорғауда солтүстікқазақстандық майдангерлер көзсіз батырлығын дәлелдеді.

Сондай-ақ, саябаққа кірер бетте Жеңістің 70 жылдығын айқындайтын салтанатты қақпа, одан әрірек, жол бойында 7 қағба тәріздес пилон орнатылған. Қазір бұл маңда соңғы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, Жеңіс саябағының ортасынан “жауынгер-құтқарушының” жаңа ескерткішін көруге болады. Туындыны жергілікті мүсінші тастан қашап жасаған.

Светлана Брютова – мүсінші, Перопавл қаласы.

-Бұл композиция аталмыш саябақта осыған дейін орнатылған ескерткіштен қатты ерекшеленбейді. Бірақ аздаған өзгерістер жасадым, қазіргісінің ұзындығы 3 метр 25 см. Бұрынғысы біраз аласа болатын. Мүсінді жасауға екі адам ат салысты. Негізінде жауынгер-құтқарушының тұпнұсқасы Берлин қаласында бар, басқа еш жерден кездестірмейсің. Мен туындынының көшірмесін жасағаным жоқ. Өз сызбам бойынша қашап шықтым.

Сонымен қатар, Жеңіс саябағын бойлай 60 қарағай отырғызылған. Ал 9 мамыр мерекесіне дейін тағы 200 түп жас көшет егіледі деп күтілуде. Саябақ ішіндегі керемет конструцияларды қала тұрғындары қазірден-ақ тамашалауда. Жерлестеріміз елі мен жері үшін аянбай ұрысқа түскен сарбаздардың құрметіне арналған саябақтың қайта жөндеуден өткендігіне дән риза.

Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан жауынгерлерді ұлықтайтын күн де алыс емес.

 

 

Бакыт Садуакасов.