Мәдениет

“Жетім тағдыр” пьесасы теріскейлік көрермендерге жол тартты

Жабал Ерғалиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, жазушы драмматург

– Театрдың ұжымы, актерлары өздері таңдап алып, “Жетім тағдырды” қояйық біздің көңілімізден шықты деп сахнаға алып шығарды. Мен ол үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Солтүстік Қазақстан драма театрының актерлерінің шеберлігі жазылған рөлдің ішкі дүниесіне кіріп кетуі маған қатты ұнады.

Пьеса еліміздегі басқа да театрларда сахналанған болатын. Бірақ, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры бұл шығарманы басқа қырынан көрсете білді. Режиссер шешімі мен әртістер үндестігі қойылымның біршама сәтті шығуына сеп болды. Басты рөлдердің бірі, қатыгез әке – Мұхит Абзаловичті театрдың 25 жастағы жас әртісі Дулат Тәшкен сомдады. 4 жылдан бері театр сахнасында көптеген рөлдерді ойнаған ол бұл рөлді алып шығу қиындықтар туғызды дейді.

Дулат Тәшкен, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының әртісі

–  Менімене Мұхитты егер салыстыратын болсақ, мен жиырма бестегі жас жігітпін. Ал Мұхит 45-50 лердегі әке. Бай-мансапты, лауазымы бар адам. Әрине қиын болды.

Сәбитті сүйген қызының қатыгез әкесі жындыханаға қаматады. Дәрігердің көмегімен қашып шыққан албырт жігіт ғашығын алып шалғайдағы ауылға келеді. Жаны жайсаң қазақтың ерлі-зайыпты қарттарының үйіне тап болған олар сәбилі болады.

Жәзираның рөлін сомдаған Жанар Бегалина спектальге жанымен берілгенім сонша, шынымен де дүниеге сәби әкелгендей болдым дейді.

Жанар Бегалина, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актрисасы,

– Басында аяғы ауыр болып шығатын кезінде, Асылханға ол сезімді басымнан өткермесем де, мен қазір шынымен босанғалы жатқан сияқтымын дедім. Сондай қобалжу сезімдері болды.

Асылхан Разиев, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері

– Қобалжу болды. Автор отырған кезде, былайша айтқанда ол әрбір әріпті жазған адам. Бізге қарағанда ол кісі өзінің шығармасын әде-қайда жақсы таниды ғой. Біз ол кісінің ойынан шыға аламызба, сөзден шатассақ ол ренжіп қалмайма деген сияқты бізде үлкен жауапкершілік болды.

2 жұмада дайын болған спектальдің қоюшы режиссері Мұратбек Оспанов пен авторы Жабал Ерғалиевке Облыс әкімінің атынан өңір басшысының бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров арнайы алғыс хаттарды табыс етіп, әртістер ұжымына ықылас гүлі сыйланды. Жастардың мұратына жетуімен аяқталған қойылым жұршылықтың ыстық ықыласына бөленді.

 

Акбопе Танирберген.