Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевті ұлықтау рәсімі өтті

Нұрсұлтан Назарбаев- ҚР Президенті

– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатал сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасының өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін.

Осыдан кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды.

Әрине мұның бәрі президентіміз үшін алғаш рет емес, бірақ әр сенім артылған сайын, атқарылар міндеттің салмағы ауырлай бермек. Кейін Нұрсұлтан Назарбаевқа ҚР Президентінің куәлігі салтанатты түрде табыс етілді. Бұл – Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мерзімдегі президенттік қызметіне ресми түрде кірісті деген сөз. Кейін жиынға қатысушылар алдында сөйлеген Елбасы қоғамды демократияландыруға бағытталған жұмыстар жалғасатыннын жеткізіп, ел дамуының бағыт бағдарын айқындап берді.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Орталық сайлау комиссиясының 28 сәуірде жариялаған нақты қорытындысы бойынша 2015 жылдың 26 сәуірінде өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 97,75 пайыз дауысын иеленіп, жеңіске жетті. Сарапшылардың мәлімдеуінше, бұл саяси науқан халықтың ерекше белсенділігімен есте қалмақ. Өткен сайлауда мемлекет басшысының кандидатурасын солтүстікқазақстандықтардың 98 пайызға жуығы қолдаған. Сондықтан Елбасын салтанатты ұлықтау рәсімінде теріскей жұртшылығы ерекше флешмоб өткізді. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ алаңына жиылған жастар Қазақстанды мекен еткен көпұлтты халықтың татулығын көрсетуде. Олар күннің бейнесін келтіріп, барлығы қасиетті көк туымыздың айналасына шоғарланды. Ол еліміздегі ұлттар мен ұлыстар достығының белгісі іспетті. Яғни, Елбасы қалыптастырған бірлік пен татулықтың даңғыл жолы. Алда атқарылар шаруа ауқымды. Аймақ тұрғындары солардың барлығын көреген басшысымен еңсеретіндіктеріне сенімді.

Гүлбақша Мұсабаева- «Ұрпақ» қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы

– Біздің Елбасымыз мемлекетімізді халықаралық аренаға шығарды. Біздің келешекке деген үміттеріміз зор. Болашақта Президентіміздің арқасында соның барлығын жеңіп, дамыған елдер қатарына қосыламыз деген сенімдемін.

Мұнда жиылғандар өздерінің барша қазақстандықтар сынды дұрыс таңдау жасағандықтарына қуанышты. Жастар болса, алдағы уақытта еліміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болатындығына сенімді.

Назира Исенеева- М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті

– Еліміз күннен күнге дамып, көркейіп келе жатыр Осының барлығы Президентіміздің арқасы.

Бақытжан Қамыспаева- М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті

– Елбасы жастарға көп көңіл бөледі. Оқуға, жұмыс жасауға жағдайлар бар. Мен өзім грантта оқимын. Бұл да Президентіміздің көреген саясаты деп білемін.

Жалпы бұл шараға 500-ден астам солтүстікқазақстандық жас қатысты.

Магжан Ахмадина.