МТРА жаңалықтары

Кеңес Одағының батыры Филипп Чижиковқа туған өлкесінде ескерткіш тас орнатылды

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары

– Жерлесіміз 18 жасында майданға аттанып, ерліктің үлгісін көрсетіп, отан үшін отқа түсті. Жерлесіміз елге аман-есен оралғанан кейін ішкі істер саласында жұмыс істеді.

Филипп Чижиков бейбіт күндегі еңбек жолын 1946 жылы өңіріміздегі ішкі істер органында жедел уәкіл болып бастайды.

Өмірзақ Болсамбеков, ҚР ІІМ ардагерлер кеңесінің төрағасы

– КСРО ІІМ Алматы офицерлік 2 жылдық мектебін бітіргенен кейін осында қызмет жасайды. Содан кейін ары қарай еңбек жолын көрші Ресейде жалғастырған. Ол адам осы жердің тумасы болғаннан кейін біз оны ұмытпай, ұлықтауымыз керек.

Бүгін Кеңес Одағының батыры Филипп Чижиковтың кіндік қаны тамған жерге оның әріптестері мен балалары алғаш рет келіп, соғыста болған жауынгердің балалық шағын өткізген өлкемен жақынырақ танысты.

Александр Крысанов, РФ ІІМ ардагері

– Мен Филипп Васильевичпен ІІО-нында 6 жыл қызметтес болдым. Ол өте ашық адам болатын. Кеңес Одағының батыры атағын не үшін алғанын бірде айтып берді. Олар Днепр өзені жағалауында немістермен ұрыс жүргізгенде батальон командирі қаза табады. Филипп сол тұста абдырап қалмай, батальон басшылығын өз қолына алып, Днепр өзенін кешіп өтіп, қосымша күш жеткенше немістерді өзенге жібермей тұрады. Сол үшін оған Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

Надежда Лесных, Кеңес Одағының батыры – Филипп Чижиковтің қызы

– 2 ұлым бар. Бір немеремнің атын әкемнің құрметіне Филипп деп қойдым. Осы елге келу үшін 2 тәулік жолға жұмсадым. Қасымда Украинадан қашып келе жатқан босқындар болды. Байғұстардың соғыстан жүректері шайлығып, жаны түршігіп қалыпты. Соған қарап соғыстың қатыгездікке толы зұлмат күш екенін сезіндім. Арада 7 ондық жыл өтсе де, біз аталарымыздың ерлігін ұмытпай, соғысты болдырмау мақсатында оның зардабын кейінгі ұрпаққа жеткізіп отыруға тиістіміз.

Болашаққа бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге қандай құрмет көрсетсек те лайық.
Кеңес Одағының батыры – Филипп Чижиковқа арналған ескерткіш тасты салтанатты түрде облыс әкімінің бірінші орынбасары Айбарбек Сапаров ашты.

Осыдан кейін меймандар ескерткіштің маңына шыршаның 7 түп көшетін отырғызды. Березовка ауылында Ұлы Жеңісті еске салатын бұдан басқа саябақ немесе ескерткіш жоқ екен. Сондықтан бұл игі іске бастау салған жандарға аталған елді-мекеннің тұрғындары ризашылығын білдірді.

Берик Касен.