Без категории

Ардагер Рауф Хасановтың айтары көп

Рауф Хасанов – Ұлы Отан соғысының ардагері

–  Біз тынығып алайық деп жолда тоқтадық. Барлық солдаттар қаруларын тастап машинадан секіріп түсіп, төменге қарай асыға жүгірді. Мен радиошы әріптесіммен оларды жоғарыдан бақылап едік, олар жерде бір топ жапон солдаттарының өлген мүрделеріне әскери олжа алу үшін бара жатыр екен. Жерде қозғалмай жатқан жапондықтар өздеріне қарусыз беттеп келе жатқан кеңестіктерді көріп кенеттен, оқ жаудырды. Төбеден қарап тұрған мен саспастан жауға қарымта оқ атып, өз жолдастарымды аман алып қалдым.

Қайсар ерлік көрсеткені үшін Рауф Хасановичті штаб бастығы құшақтап, майдандас серіктерін ажалдан алып қалғаны үшін алғысын білдіріпті. Кейін оның қызметі де жоғарылапты.

Рауф Хасанов – Ұлы Отан соғысының ардагері

– Жаудың көзін жойғаннан кейін көліктің шанағынан түстік. Штаб бастығы қуаныштан мені құшақтап, майдандас жолдастарыңды құтқарғаның үшін марапатталасың деді. Кешкісін штабқа шақырып, дивизия командирінің қасында әрдайым жүретінімді айтты. Бұдан соң командирдің жанынан бір сәтке де алыстаған емеспін.

Қарт майдангер Отан алдындағы борышын 1947-ші жылға дейін өтепті. Кейін еліне оралып сол кездегі Куйбышев атындағы зауытта тегістеуші болып 32 жыл еңбек еткен. Өзінің өмірлік жарын 1949 жылы кездестіріп, екеуі 51 жыл бақытты ғұмыр кешкен. Қазір қарт майдангердің 2 ұлы, 1 қызы, 8 немересі мен 9 шөбересі бар.

Рафаиль Хасанов – Рауф Хасановтың ұлы

– Біздің осындай әкеміз барына қуаныштымыз. Анам да соғыс жылдары тылда еңбек еткен. Олда жеңіс күнін жақындату үшін аянбады. Қартайса да үйдегі барлық шаруаны өзі істейді. Мен өз әкемді мақтан тұтамын.

Қазір қария екі бөлмелі үйде жалғыз тұрады. Әрдайым өзінің Буран есімді итімен ойнайды.

Алла жазса, Рауф Хасанов 23-ші тамызда 90 жасқа толады. Қария жалғыз тұрса да оған әрдайым балалары мен немерелері келіп қолғабыс жасайтын көрінеді. Ардагердің алға қойған жоспары ауқымды. Ол жаз келісімен, ескірген көлікжайын бұзып, қайта салмақшы.

 

Риат Шони.