МТРА жаңалықтары

Өңір полицейлері 45 бірлік қызметтік көлік кілттеріне ие болды

Ақпан Дөкетбаев – СҚО ІІД бастығының орынбасары

– Департаментке 45 автокөлік алынды. Оның ішінде “УАЗ”, 5 “Шкода Октавиа”, 30 “Лада Гранта” мен 5 “Нива”. Және де республикадан 2 автобус берілді – ішкі істер министрлігінен.

Тәртіп сақшыларына көлік кілттері табысталмас бұрын, жиынға келген облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко, техниканың жай-күйін байқап шықты. Мұндай көліктер күні-түні қызмет ететін қатардағы полицейлерге жұмыс бабында керек-ақ. Айту керек, соңғы жылдары құқық қорғау саласының техникалық паркі біршама жаңарды.

Владимир Бубенко – СҚО әкімінің орынбасары

– Мемлекет жылда құқық қорғау органы қызметкерлерінің материалдық-техникалық паркіне тиісінше көңіл бөліп келеді. Бүгінгі салтанатты шара соған дәлел. Осының арқасында қоғам тыныштығын қамтамасыз ететін қызметкерлер өз жұмысын сапалы орындап, қылмыс орнына жедел жете алады. Облыста қазір жағдай тұрақты. Әсіресе кісі өлтіру мен ұсақ құқықбұзушылықтар саны біршама қысқарып отыр.

Кейін автокөлік кілттері салтанатты түрде бөлімдерге табысталды. Бір айта кетерлігі, осы жолғы жаңа темір тұлпарлардың басым бөлігін жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тізгіндейтін болды. Сондай-ақ бұл күні қызметтік мақсатта қолдануда таптырмас 2 автобус та өз иелеріне табысталды. Бұдан соң, жиынға қатысушы қонақтар назарына арнайы қызмет жауынгерлерінің қылмыстық топты ұстау сәтінен үзінді көрсетті.

Темір тұлпар кілтін табыстау рәсіміне ішкі істер органының ардагерлері де қатысты. Ерболат Әбдықасымов – 25 жыл осы салада еңбек еткен. Отставкадағы полицей бұрындары қызметтік көліктердің жетіспегендігін айтады. Ал қазір жағдай мүлдем басқаша.

Ерболат Әбдықасымов – ІІО ардагері

– Бұрынғы кезбен салыстырғанда, біздің кезімізде автокөліктер саны аз болатын. Кезекшілікте жүргенде жетпейтін, баратын жерге уақытында бара алмай көп қиыншылық көретінбіз.

Су жаңа қызметтік темір тұлпарға қолы жеткен қатардағы қызметкердің бірі – Александр Марушкин.

Александр Марушкин – СҚО ІІД жол-патрульдік полиция батальонының сержанты

 

– Қуаныштымыз. Жаңа көлік кілттеріне ие болып жатырмыз. Қызметімізді сапалы орындауымызға барлық жағдай жасалып жатыр. Сенімді ақтаймыз.

Бақыт Сәдуақасов.