Без категории

Қызылжар ауданының тұрғыны соғыс ардагері Александр Синичкин 90 жасқа толды

Болат Жұмабеков – Қызылжар ауданының әкімі

– Біз акция аясында ауданда көзі тірі соғыс ардагерлерінің баршасын дерлік Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында аралайтын боламыз. Александр Степанович, сіз 90 жасқа аяқ басып отырсыз, құтты болсын, зор денсаулық тілейміз. Сіз секілді елді жаудан қорғаған ардагерлерімізге біз мәңгілік қарыздармыз.

Қарияны қос мерейтоймен құттықтауға келген өнгер иелері бүгін кілең әскери киімде жүр. Таңдаған репертуарлары да сәйкесінше. Олар соғыс жылдары шырқалып келген, әрі көпшілікке таныс 10-нан аса әнді шырқады.

Осындай құрметтен бір марқайып қалған қария, әншілермен бірге, реті келгенде жастық шағын еске алып, билеп те алды.

Мерейтой иесіне арналған шағын концертте ән де, би бар. Өнерпаздар барын салып, аянып жатқан жоқ. Жалпы қазіргі таңда Қызылжар ауданында көзі тірі 12 соғыс ардагері тұрып келеді. Жол бастаған “Үгітпоезд” аудандағы елі мен жері үшін жан аямай арпалысқан жауынгерлердің барлығын дерлік 5-ші мамырға дейін аралап, осындай сый-құрметтерін көрсетпек.

Заманбек Алдияр – СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті

– Біз ардагер аталарымызға, ағаларымызға, әпкелерімізге разымыз. Осы бізге бейбіт өмір сыйлаған, ардагер аталарымыз күннен күнге азайып бара жатыр. Олар болмағанда біз қазір бейбіт өмір сүрмейтін едік.

Александр Синичкин – соғысқа 1942 жылы 17 жасында Соколов ауылдық коммисариатынан шақыртылыпты. Сөйтіп, қатарға жаңадан қосылған сарбаз, бірден Владивосток қаласының түбіне ұрыс даласына жолданған. Жас жігіт майданда зениттік қондырғыны оқтайтын 35-ші атқыштар дивизиясының құрамында отанын қорғайды. Өстіп, соғыс аяқталып, аман-есен туған еліне оралыпты. Орайы келгенде көпті көрген қария жастарға өзінің ақылын да айтып қалды.

Александр Синичкин – Ұлы Отан соғысының ардагері

– Жастарға айтарым, ешқашан да ерінбеу керек. “Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз” дегендей, үлкендердің ақыл-кеңесіне құлақ асу қажет. Сонда ғана қандай да бір жетістіктерге жетуге болады. Өзіме келер болсам, соғыс аяқталысымен үйде қол қусырып бос отырғаным жоқ. Біз тер төгіп, еңбектендік. Зауытта да істедік, ауыл шаруашылығын көтеруге де белсенді ат салыстық. Барлығын да еңбекпен таптық.

Александр Синичкин – бүгінде ұл-қыздарынан 7 немере мен 6 шөбере сүйіп отырған бақытты жан.

 

 

Бакыт Садуакасов.