МТРА жаңалықтары

Заречный кентінің тұрғындары сайлауда белсенділік танытуда

Диана Шарипова

– Мен бүгін сайлауға өз отбасыммен бірге келіп, ел болашағы үшін дауыс бердім. Келешекте мен таңдаған кандидат жеңіске жетсе, Қазақстанымыз гүлденеді деген сенімдемін.

Заречный кентіндегі №622-ші сайлау учаскесіне 1107 адам бекітілген. Таңғы жетіден сағат он екіге дейін 722 азамат саяси маңызды науқанға қатысып, өзінің таңдауын жасапты.

Бауржан Жүнісов – №622 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы

– Саяси маңызды науқан өз уақытында сағат жетіде басталды. Барлық тұрғындар белсенділік танытуда. Түске дейін бізге бекітілгендердің 50-пайыздан астамы өз таңдауын жасады. 60 адам үйінде дауыс беруге өтінішін кезінде берді. Оларға бюллетендерін жылжымалы урнаға салады.

Әзірше, учаскеге келіп сайлауға қатысқандардың ең мосқалы – 96 жаста. Ал өзінің азаматтық құқығын пайдаланып, маңызды науқанға тұңғыш келген жастардың саны 10. Айта кету қажет, аға буын өкілдері әсіресе белсенді. Урнаға алғашқы бюллетеньді салған да зейнеткер қария екен.

Любовь Кравцова

–  Мен кез-келген сайлауға белсенді қатысуға тырысамын. Өйткені ол бізідң еліміздің болашағын айқындайды. Мен көркейген, дамыған Қазақстан үшін дауыс бердім.

Сайлау шарты бойынша әрбір учаскеде байқаушылармен қатар Президенттікке кандидаттардің сенімді тұлғалары да тәртіпті қадағалайды. Міне, №622 сайлау учаскесіне Нұр Отан халықтық демократиялық партиясының атынан Елена Полякова келіпті. Оның айтуы бойынша маңызды науқанда әзірше ешбір заңбұзушылық байқалмаған.

Елена Полякова – Президенттікке үміткер кандидаттың сенімді өкілі, Петропавл қаласы

– Мен бұл учаскеде екінші рет сайлаудағы тәртіпті қадағалап отырмын. Маңызды науқан еш заңбұзушылықсыз өтуде. Менің кезекшілігім кезінде дауыс берушілер белсенділік танытып, өз таңдауларын жасап жатыр. Комиссия мүшелері де өз міндеттерін абыроймен атқаруда.

Жалпы сайлау ел бойынша сағат кешкі сегізге дейін жалғасады.

 

Риат Шони.