МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданының тұрғындары сайлауға белсенді қатысуда

Жексенбілік таң. Сағат 6-дан ашылған участок дауыс берушілерді қарсы алуға қамдануда. Әзірге бюлетень салынатын жәшік бос, бір сағаттан соң оның ішіне президенттікке үміткер азаматтың есімінің тұсына белгі қойылған қағаздар келіп түсетін болады. Міне маңызды сәт те келіп жетті. Сағат тілі тура 7.00-ді көрсеткенде учаскіде әнұран ойналып, алғашқы дауыс беруші азаматтар легі сайлау мүшелері отырған жаққа қарай ағылды. Қолдарына бюллетень алып, таңдау жасауға аттанды. Ксения Саратованың бұл тұңғыш сайлауы емес. Бірақ ол таң сәріден тұрып, өзінің азаматтық борышын орындау үшін ертерек келген. Сөйтіп, алғашқылардың бірі болып таңдау жасады.

Ксения Саратова- «Мирас» бөбекжай- балабақшасының тәрбиешісі, Қызылжар ауданы

– Таңдау жасау әр қазақстандықтың міндеті деп білемін. Сондықтан бүгін ерте тұрып, учаскіме келдім. Еліміздің гүлденуі, алға қарай дамуы үшін таңдау жасадым.

Нәзікжандының бұл белсенділігі бағаланып, оған шағын сыйлық табыс етілді. Мұндай марапатқа алғаш рет дауыс беріп жатқан жандар да ие болды. Солардың қатарында Жарқын Есенгелді де бар. 18 жасар азамат өз таңдауына сенімді.

Жарқын Есенгелді- «Парасат» мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы, Қызылжар ауданы

– Алғаш рет дауыс беріп жатырмын. Қобалжып тұрмын. Еліміздің гүлденуіне.

Еліміздің келешектегі бағыт-бағдарын айқындап беретін маңызды шараға Бескөл тұрғындары ерекше белсенділік қатысуда. Тек 15 минуттың ішінде 300-ші сайлау учаскесінде өз таңдауын 70-ке жуық азамат жасап үлгерді. Ал тізімде жоқ тұрғындарға мұнда мекен-жайлық анықтама жасап береді. Мұндай әдіс елімізде алғаш рет қолданылып отыр.

Қайрат Сыздықов

– Іссапардан жуырда келдім. Бүгін дауыс беруге келсем, тізімде жоқпын. Содан осы жерге келіп, анықтама алып жатырмын. Кейін қалаған кандидатыма дауыс беремін.

Мұндай қызметті таңғы 8-ге дейін 2 бескөлдік тұрғын пайдалана алды. Құжат 5-10 минутта дайын болады. Тұрғындар алтыннан да қымбат уақытын жоғалтпайды. Сонысымен де ыңғайлы болып отыр бұл жаңашылдық. Аталмыш участокта алғашқы жарты сағаттың ішінде 100-ден астам азамат таңдау жасады. Олардың барлығы еліміздің гүлденуі мен тыныштығы үшін дауыс бергендерін айтады.

– Бүгін таңдау жасау үшін әдейі келіп отырмын.

– Еліміздің болашағы үшін таңдау жасадым.

Ал мынау Қызылжар ауданына қарасты Подгорное елді-мекеніндегі орта мектепте орналасқан 301-ші сайлау учаскесі. Мұнда 332 ауыл тұрғыны бекітілген.

Назгүл Мусина- № 301 сайлау учаскесінің төрайымы

– Тұрғындар белсенді келіп дауыс беріп жатыр. Ауыл тұрғындары жақсы көңіл күймен келуде. Сайлауға ерте бастан қамдандық. Әзірге бәрі ойдағыдай жүріп жатыр.

Сайлау учаскесі жұмысын бастаған бір сағаттың ішінде халықтың 10 пайызы таңдау жасап үлгерді.

– Бұл әрбір азаматитың борышы.

– Қазақстанымыздың тыныштығы үшін дауыс бердім.

Ал мынау Бескөлдегі 2-ші орта мектепте орналасқан 299-шы сайлау учаскесіндегі көрініс. Мұнда таңдау жасайтын 1054 адамның 300-ден астамы мемлекет алдындағы парызын орындап үлгерді. Сайлау барысының заңға сай өтуін халықаралық байқаушылар да қадағалуда.

Вадим Файзулин- ТМД-ның байқаушылар миссиясының байқаушысы

– Жалпы Қазақстан сайлауды өткізуге жақсы дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Барлық қажетті материалдар, құжаттар дұрыс әзірленіпті. Халық өте белсенді қатысуда. Олардың шыныменде ел болашағына бей-жай қарамайтындығы көрініп тұр. Көңіл-күйлері көтеріңкі, жексенбі күні болғанына қарамастан белсенді қатысып жатыр.

Нақ осы участок алдында дауыс беріп болған азаматтар үшін арнайы сауалнамалар жүргізілді. Оны әлеуметтік-саяси зерттеулер институты өткізуде.

Владимир Холод- «EXIT POLL» әлеуметтік- саяси зерттеулер институтының өкілі

 

– Біздің компанияның өкілдері еліміздің барлық аймақтарында жұмыс жасап жатыр. Теріскейде 6 адам жұмылдырылған. Солардың 4-уі облыс орталығында болса, 2 адам осы Қызылжар ауданында сауалнама жүргізуде. Біз сайлаудан шыққан азаматтарға бір ғана сұрақ қоямыз. Ол кезектен тыс Президент сайлауында кімге дауыс берді деген сауал. Ол ерікті түрде жүргізіледі. Кейін алынған мәлімметер, сауалнама қортындысында жинақталатын болады.

Жалпы бұл күні Қызылжар ауданында 69 сайлау учаскесі жұмыс жасауда. Ел үшін маңызды шараға 29 мың 37 азамат қатысатын болады. Солардың 914-і үйде таңдау жасамақ.

Магжан Ахмадина.