МТРА жаңалықтары

Ел Президентін сайлау науқаны өңірде белсенді өтуде

Таңсәріден М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің 2-корпусындағы сайлау учаскесінің комиссия мүшелері маңызды саяси науқанға соңғы дайындық жүргізуде. Тұрақты және жылжымалы урналарға арнайы пломбалар орнатып, азаматтарды тіркеуші мамандарға бюллетеньдер таратылды.

Эльмира Танақұлова – №629 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы


–  №629 сайлау учаскесіндегі комиссия маңызды науқанға толығымен дайын. Мұнда сағат жетіге дейін байқаушылар мен комиссия мүшелері келеді. Біздің учаскеге Абай 5 пен 7, Интернационал, Пушкин көшелеріндегі тұрғындар бекітілген. Бүгінгі күнге дейін үйде дауыс беруге 31 адам өтінішін білдірді. Оларға сағат 12-ден кейін екі жылжымалы урна аттанады.

Жексенбінің таңын тағатсыздана күткен аға буын өкілдері өз сайлау учаскелеріне асығып келді. Олардың қатарында Николай Белокопытов та бар. Азамат елімізде қандай сайлау болмасын, ерте келуді дәстүрге айналдырыпты.

Николай Белокопытов
–  Мен бүгін ел Президентін таңдауға ертесімен келдім. Бұл дәстүр менің өмірімде ертеден қалыптасқан.

Ел үшін маңызды саяси науқан ҚР әнұранымен ашылды.

Сағат таңғы жеті. Барлық тұрғындар өз тегінің тұсына қолдарын қойған соң, бюллетень алып, жабық кабиналарда таңдауларын жасауда. Бұл маңызды науқанның тәртібі. Міне, бос урнаға алғашқы бюллетень да түсті. Оны сайлауға алғаш рет қатысып отырған М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ің 3-ші курс студенті Сұлтан Ермаханов салды.

Сұлтан Ермаханов

– Кеше қоңыраулы сағатымды 6:30-ға қойып, бүгін міне азаматтық парызымды орындауға келдім. Көріп тұрғандарыңыздай алғашқымын. Оған мен өте қуаныштымын.

Азаматтарды тіркеуші мамандар тізімді толтырып үлгермеуде. Өйткені қала тұрғындарының көпшілігі демалыс күніне қарамастан, өз таңдауын жасауға асығып, ұзынсонар кезек қалыптастыруда.

–  Әркімнің дауысы маңызды! Сағат таңғы жетіден барлық жұртшылық өздері бекітілген сайлау учаскелеріне тайлы тұяғымен ағылуда. Олар өз таңдауларын жасап, ел болашағы үшін дауыс беруде.

Ел болашағын айқындау үшін кейбіреуі бұл шараға отбасыларымен келуде. 50 жыл отауласқан Степан мен Нина Кукуруза маңызды науқанға бірге келуді дәстүрге айналдырыпты.

Нина Кукуруза

– Сайлауға қатысу біздің азамттық парызымыз. Біз ел болашағы үшін лайықты кандидатты таңдап, соған дауысымызды бердік.

Аға буын өкілдерімен қатар кейінгі ұрпақ та белсенділік танытуда. Таңсәріден келген жастар саяси маңызды науқанға бір адамдай қатысып, ел болашағы үшін өз таңдауларын жасауда.

Сайлау шарты бойынша бұл маңызды науқанда тәртіптің бұзылмауын сырттан байқаушы бақылап отыр. Ол сайлау учаскесі жұмысын бастаған бір сағаттың ішінде ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ дейді.

Мәруар Ақанова – сайлауды байқаушы, Петропавл қаласы

– Мен №629 сайлау учаскесінде маңызды науқанның заңды түрде өтуін қадағалап отырмын. Әзірше ешқандай тәртіптің бұзылғанын байқамадым. Саяси науқан барлық талапқа сай өтеді деген үміттемін.

Жалпы бір сағатты ішінде №629 сайлау учаскесіне бекітілген 708 сайлаушының 47-і өз таңдауын жасап үлгерді. Бұл тіркелгендердің 6,6 пайызын құрайды.

 

Риат Шони.