МТРА жаңалықтары

633-ші сайлау учаскесінде 1492 сайлаушы тіркелген

Ольга Падалкина – дауыс беруші

– Қатты толқып, қобалжыдым. Өйткені өмірімде бірінші рет ел Президентін таңдау құқығына ие болып отырмын. Дұрыс шешім жасадым деп есептеймін.

Сайлау учаскесінде жасты да, кәріні де көзің шалады. Барлығы да елді тұрақтылық пен келісімге бастайтын үміткерге дауыс беру үшін келген. Әсіресе, артындағы ұрпағының болашағын ойлаған зейнеткерлердің қарасы қалың.

Иван Александров – дауыс беруші

– Қазір елімізде тұратын қарттарға жақсы жағдай жасалынған. Зейнетақыны уақытында алып тұрамыз. Мемлекетті алға жетелер үміткерге таңдау жасадым.

Қаламыздағы №7-ші білім беру ошағына құрылған 633-ші сайлау учаскесіне 1492 дауыс беруші тіркелген. Осы жолы кезекті Президент сайлауына қатысушылардың ішінде кәмелеттік жасқа енді толған 7 сайлаушы бар. Ал ең кәрі сайлаушы 88 жаста. Жерлестеріміз өз таңдауын жасап жатқан уақытта, саяси науқанның өтуін бақылайтын жандар да өз қызметтерін атқаруда. Байқаушылар сайлаудың әділ өтіп жатқандығын айтты.

Гүлнар Таласпаева – “Нұр Отан” партиясының байқаушы

– Ешқандай өзекті мәселелер болған жоқ. Егер біздің Петропавл қаласындағы тіркелмеген азаматтар келген жағдайда, ХҚКО байланысқа шығып, осы мәселені шешіп жатырмыз. Сондықтан да барлығы өз деңгейінде өтіп жатыр деуге болады.

Бақыт Сәдуақасов – тілші

– Осы күні сайлау учаскелеріне түрлі себептермен таңдауын жасауға мүмкіндігі жоқ петропавлдықтардың үйлеріне сайлау учаскесінің мүшелері өздері барды.

Ұлы Отан соғысының ардагері Анатолий Васютин – 95 жаста. Ардагер өзі тіркелген сайлау учаскесінің өкілдеріне жүріп-тұра алмайтындығын айтып, үйінде дауыс беруге өтініш жасапты.

Анатолий Васютин – Ұлы Отан соғысының ардагері

– Мен Қазақстанды алға жетелер үміткерге дауыс бердім. Бастысы, еліміз бәле-жаладан аулақ. Тыныш, бейбітшілікте ғұмыр кешіп келеміз. Мен таңдаған кандидат ел тізгігін ұстауға лайықты.

Кейін 633-ші сайлау учаскесінің жылжымалы бекеті Рейза Вахонинаның үйіне соқты. Азаматша денсаулығына байланысты үйінен алысқа ұзай алмайды.

Рейза Вахонина – дауыс беруші

– Күйеуім таң атысымен сайлау учаскесіне барып, таңдауын жасап келді. Өзім жүре алмайтындықтан, сайлау комиссиясының өкілдерін үйге шақырттым.

Жалпы 633-ші сайлау учаскесі бойынша 50 азамат үйінде дауыс беру мүмкіндігін иеленді.

 

 

Бакыт Садуакасов.