МТРА жаңалықтары

Ел Президентін кезектен тыс сайлауға дайындық

Аққу Нұрлыбаева – Н.К.Крупская атындағы №10 орта мектебінің бастауыш сыныбының мұғалімі

– Қазақстан мемлекетінің Президентін сайлау күні жақындап келе жатыр. Сол науқанға өзім және жолдасым екеуміз де барамыз және де бұл өте қажет. Осылайша, республикамыздың гүлденуіне, көркеюіне ат салысуымыз қажет деп ойлаймын. Сондықтан да міндетті түрде барамыз.

10-шы мектепте екі учаске орналасқан. Екеуі де сайлау комиссиясына жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқаруға тас-түйін дайын отыр. Мәселен, 637-ші учаскеде 1 800-ден артық сайлаушы тіркелсе, келесісінде 1 600-ден астам адам бар. Петропавлда барлығы 13 мектепте екі учаскеден жасақталған.

Салия Ахмадеева – №636 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы

– Науқан барысында тұрғындарды жүз пайыз қамту үшін жұмысымызға бір өзгешелік енгізіліп отыр. Яғни, әрбір сайлау учаскесі Интернет желісіне қосылып, халыққа қызмет көрсету орталығымен жалғанды. Соған арналған бөлмеде компьютер алдында отырған екі еріктіге келіп, біз тиісті өтінішті толтырамыз. Ал, олар мамандармен байланысып, азаматтың қайда тұратынын жазады. Егер ол мекен-жай бойынша басқа жерде тіркелген болса, біз сол сайлау орнын схемадан қарап, сайлаушыны өз учаскесіне жібереміз.

Бір учаскелік сайлау комиссиясына 7 адам кіреді. Төраға мен хатшы, ал қалған бесеуі сайлау күні азаматтарға бюллетень үлестірумен айналысады. Мұндағы 636-шы учаскеде 8 кабина тұр. Барлығына тиісті нөмірлері тағылады. Қажетті кеңселік тауарлар толығымен жеткізілген.

Данаш Хамзина – тілші

– Бүгін электрик мамандар келіп кабиналарға жарық орнатып береді екен. Кабина шымылдықпен жабылып, мында қалам қойылады. Бюллетеньдер салынатын урна мына жаққа орнатылады. Ал, қарсысында байқаушылар отырады.

Әрбір сайлау орнында 1 – тұрақты, 2 көшпелі урнадан болады. Соңғы аталғандары денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын тұрғындардың үйінде дауыс беруіне арналған. Жалпы, бүгінде Петропавл бойынша 140 мыңнан астам сайлаушы тіркелген.

Николай Петров – Петропавл қалалық сайлау комиссиясының төрағасы

– Облыс орталығындағы 89 учаскенің барлығы сайлауға сақадай сай. Техникалық жұмыстар түгелімен жүргізілген. Азаматтар науқанға белсенді түрде қатысатынына сенімдіміз.

Негізінде бір учаскеге шамамен 3 мың адамнан есептелінеді. Егер сайлаушының саны одан асып кетсе тағы бір сайлау орны құрылады екен. Бүгінде учаскелердің жұмысына 700-ге жуық адам жұмылдырылған.

 

Данаш Хамзина.