МТРА жаңалықтары

“Қызыл ай” қоғамдық бірлестігі үйлеріне су кірген тұрғындарға қамқорлық жасады

Раиса Слуцкая – қала тұрғыны

– Өзім жалғыз тұрамын. Қартайған шағымда жәрдемдесер ешкімім жоқ. Қиын болды. Әйтеуір анда-санда қайырымды жандар көмектесіп тұрады.

Келесі үйде де жағдай мәз емес. Маңайды жайылған су бұл баспананы да айналып өтпесе керек. Бүгін Надежда Сергееваға көмекке қызыл ай қоғамының өкілдері келіп отыр. Әрине құр қол емес, азын-аулақ азық пен жылы төсек жабындысын ала шыққан.

Надежда Сергеева – қала тұрғыны

– Біздерге тіпті жылы сөздің өзі де демеу болады. Осындай бірінші кезектегі азық-түлікті табыстап жатқандарына ризамын.

Қызыл ай қоғамы өкілдерінің соңғы аялдаған үйі – Брыксиндер шаңырағы. Қазір отағасы жертөле мен аула ішіне еніп кеткен суды моторлы генератормен сыртқа ағызып жатыр.

Зинаида Брыксина – қала тұрғыны

– Бұл маңда орналасқан барлық үйдің жертөлелеріне су кіріп кеткен. Пешті қанша жақсаң да, бөлме іші жылынбай тұр. Өзім бірнеше жыл бұрын жүректен инфаркт алған едім. Қатты уайымдауға болмайды. Ал мына жағдайды көріп, қалай алаңдамайсың.

Биыл қар қалың түсіп, салдары әсіресе жер үйлерді паналаған тұрғындарға оңай тиіп жатқан жоқ. Сондықтан да “Қызыл ай” қоғамдық бірлестігіндегілер өстіп қолдан келген жәрдемдерін беруде.

Сәуле Оразова – “ҚР Қызыл Ай қоғамы” ҚБ СҚОФ төрайымы

– Петропавл қаласында осындай көмекке зәру жандардың қатары молынан. Біздер аталған мекен-жайларға тұрғындардың өтінішімен келіп отырмыз. Әрине, жалғызбастылар үшін осындай шағын көмектің өзі үлкен демеу саналады.

Осы күні жергілікті “Қызыл ай” қоғамы Ойқала ауданындағы тағы бір отбасына көмек қолын созды.

 

 

Бакыт Садуакасов.