Балалар

Мектеп оқушылары боулингтен сынға түсті

Ілияс Какенов, “№1 Боулинг-Орталығы” ойын-сауық кешенінің операторы

– 1 сағат ойнағанның өзінде адамның қол-аяғы сырқырап ауырады. Сондықтан боулингті көптен бері ойнамаған адамға, біріншіден, төзімділік керек. Келесі – ойын барысында жолақтағы сызықты басуға болмайды. Ондайда, лақтырған шардан түскен ұпайды компьютер автоматты түрде жояды. Страйк алу үшін шынтақты бүкпей қолды түзу ұстау керек. Жолақтың қақ ортасыннан дәлдеп тұрып, артқа сәл жантайып, шарды баяу домалатып жібересіз. Сонда көздеген нысанаңызға дөп тигізіп, қажетті ұпай санын жинауға болады.

Міне, 18 құрама алғашқы шарларын лақтыруда. Ереже бойынша барлық кеглиді құлатуға екі мүмкіндік беріледі. Алайда шарды бір лақтырып страйк жасау әркімнің қолынан келе бермейді. Бірақ, мықты ойыншылар да бар.

Ойын-сауық кешенінде боулнингтен қалалық турнир осымен 6 жыл қатарынан ұйымдастырылуда. Алтынай Тутешева мұндай жарыстарды қалт жіберіп көрген емес. Әрдайым үздіктердің қатарынан көрініп жүрген оқушы бұл жолы да бас жүлдені алуға барын салатынын айтады.

Алтынай Тутешева, Қожаберген жырау атындаы №6 ОМ оқушысы

– Осындай турнирге бірінші рет қатысып тұрғаным жоқ. Алдыңғы ойындарда досымыз екеуіміз 3-ші орынға қол жеткіздік. Боулинг қызықты және денсаулыққа пайдалы ойын деп есептеймін.

Осы сында командалық және жекелей сында жүлделі орындарға 44 оқушы таласуда.
Дәл қазір 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдер жоғары ұпай жинап, жартылай финалға жолдама алу үшін барын салып жатыр. “Даму” мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №1 арнайы түзету мектеп-интернатының оқушылары қалалық турнирге алғаш қатысуда. Оларға көрермендер залынан ата-аналар мен мұғалімдері қолдау көрсетті.

Орымбай Қыстаубаев, “Даму” мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №1 арнайы түзету мектеп-интернатының мұғалімі

– Балаларымыз осындай ортаға ылғи шықпағасын кішкене ұялыңқырайды. Бұл турнирге қатысардың алдында мектеп психологтары оқушыларға демеу беріп, жеңіске жігерлендіріп жіберді.

Ақтық кезеңнің қорытындысы бойынша жоғары ұпай жинаған 3 құрама диплом мен кубокқа ие болды. Ал қалған қатысушыларға ойын-сауық орталығы әкімшілігінің атынан боулинг пен билярд ойындарына тегін купондар үлестірілді.

 

Берик Касен.