Бизнес және экономика

Жеке кәсіпкердің ісі өрге домалауда

Владимир Берников – “Берников” ЖК директоры, Жамбыл ауданы

– Биыл “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасына жүгініп, жылдық 6 пайызбен 3 миллион теңге несие рәсімдедік. Бұл қаржыға жиһаздарды жеткізуге арналған “Газель” автокөлігін алдық. Қазір несиенің біраз бөлігін жауып тастадық. Болашақта цехты кеңейту мақсатында тағы жеңілдетілген несие алу ойымыз бар.

Бұдан бөлек, кәсіп иесі жыл соңына қарай терезе шығаратын цехты іске қосуды мақсат етіпті. Мысалға, мына бөлмеде тігінші Лиляна Жосан жұмсақ жиһазды тыстап жатыр. Оның жеке кәсіпкердің қарамағында еңбектеніп жүргеніне 3 жылдан асыпты.

Лиляна Жосан – “Берников” ЖК тігіншісі, Жамбыл ауданы

– Дәл қазір жобаның нобайы бойынша жиһаз тысын қалыпқа келтіріп, тігіп жатырмын. Тапсырыс көп түседі. Сондықтан, жұмыс үздіксіз жүреді.

Цехта жасалған 50-ден аса жиһаз түрін жеке кәсіпкердің арнайы дүкенінен көруге болады. Сапалы дүниеге қашан да сұраныс бар, мысалы, бүгін Арина Лысак шағын дүниелерге арналған шкаф сатып алмақшы.

Арина Лысак – тұрақты тұтынушы, Жамбыл ауданы

– Мұнда келген адамға таңдау көп. Өзім өткен жылы осында ас үй жиһазын сатып алған болатынмын. Енді міне айнасы бар шкаф алғалы тұрмын.

Жиһаз цехының иесі Владимир Берников мемлекеттік мекемелердің тендерлеріне де қатысып тұрады. Кәсіпкер аудандық аурухана мен балабақша, мектептердің тапсырысы бойынша кеңсе жиһаздарын жасайды. Оған қоса жеке кәсіпкердің аудан орталығында көтерме-сауда орны да бар. Қазір мұнда жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Бакыт Садуакасов.