МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік “Балапан” бағдарламасы жүзеге асуда

Гульфира Ромазанова – М.Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары

– Қазіргі таңда М.Жұмабаев ауданында балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамту мәселесі жүз пайыз шешілді. Бұл межеге біз “Алтын күн” балабақшасының ашылуы арқасында жетіп отырмыз. Жалпы ғимаратты салуға жеке кәсіпкер 20 млн теңгеге жуық қаржы жұмсады.

Дәл қазір балабақшадағы барлық бүлдіршіндер тынығып дем алып жатыр. Олар ұйқыдан тұрғанша аспазшы Айнұр Сәрсенбаева оларға арнап түстік ас әзірлеуде. Жалпы жас маман бұл мекемеде балабақша ашылғаннан бері еңбек етіп жүр.

Айнұр Сәрсенбаева – «Алтын күн» балабақшасының аспазшысы, М. Жұмабаев ауданы

– Балабақшада таңғы ас сағат 10-да беріледі. Негізінен, бүлдіршіндерге дәрумендері мол тағамдар даярлаймыз. Мәзірді дәрігер құрастырады.

Мектепке дейінгі мекемеде бүлдіршіндер үш тілде тәрбиеленіп, оқытылады. 20 адам еңбекпен қамтылса, оның 8-нің педагогикалық білімдері бар. Бөбекжай ашылысымен, жас мамандар да екі қолға бір күрек тапқан. Олардың бірі тәрбиеші Бақдана Нұрахметова.

Бақдана Нұрахметова – «Алтын күн» балабақшасының тәрбиешісі, М. Жұмабаев ауданы.

– Біздің балабақшамызда екі топ бар. Оның бірі мемлекеттік тілде. Қорқыт бабамыз айтқандай: қара орманымыз шайқалмасын, қаратауымыз бөгелмесін, аққан дариямыз сарқылмасын, бүлдіршіндер біздің бойтұмарымыз болсын.

Мағжан Жұмабаев ауданында мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесін шешу мақсатында Батыр Баян атындағы №1-ші мектеп-гимназиясында да бүлдіршіндерге арналған шағын орталық ашылыпты. Қазір мұнда 3 пен 6 жас аралығындағы 75 балғын тәрбиеленуде. Мұнда балалар тегін оқиды, олардың ата-аналары тек 4 мезгілді тамақтану үшін ғана ақша төлейді екен.


Любовь Голобородько – Батыр Баян атындағы №1-ші мектеп-гимназиясы шағын орталығының мектепке дейінгі білім және тәрбие беру бойынша әдіскері

– Шағын орталықта балалармен “Біз мектепке барамыз” және де “Зерек бала” бағдарламалары бойынша жұмыс істейміз. Тәрбиешілердің барлығында педагогикалық білімдері бар. Өздерінің біліктіліктерін барлық деңгейде арттырып тұрады. Түрлі байқауларға қатысады.

2010 жылы ашылған шағын орталықта балалар қазақ және орыс тілдерінде білім алады. Осы жылдан бастап тәрбие беру ошағы өзге балабақшалар секілді толық жұмыс күніне көшті, яғни бүлдіршіндер сағат таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін осында тәлім-тәрбие алады.

Асылгүл Түлкібаева – Батыр Баян атындағы №1-ші мектеп-гимназиясы шағын орталығының тәрбиешісі, М.Жұмабаев ауданы

 

– Кішкентай балалар балабақшаға келгенде күнделікті тәртіпті біле бермейді. Оларды үйретеміз. Тез бейімделеді. Қазір бір-бірімізді түсінеміз.

Жалпы М.Жұмабаев ауданында мектепке дейінгі білім берумен 1340 бүлдіршін қамтылған. Қазір мұнда 5 балабақша, 42 шағын орталық пен 1 жеке меншік бөбекжай жұмыс істеуде.

Риат Шони.