Мәдениет

Н.Погодин атындағы орыс драма театрында “Менің байғұс Маратым” спектаклі қойылды

«Менің байғұс Маратым» спектаклі – ерлік пен махаббат туралы оқиға. Қойылым өмірдің ауыртпашылығына қарамастан, өздерінің ұстанымдарына берік болған кеңес заманының қарапайым азаматтары туралы сыр шертеді.

Тимур Каримжанов, Н.Погодин атындағы орыс драма театрының көркемдік жетекшісі

– Мұнда үш уақыт көрсетілген. Қоршаудағы Ленинград, адамдардың соғысқа аттануы. Өмір, соғыс пен азап арқылы өткен махаббат бейнеленеді. Спектакль қайтадан жаңа өмір бастау ешқашан да кеш емес, әр уақытта армандауға болатыны туралы жазылған.

Қойылымда барлығы 3 актер ойнайды. Үшеуінің мақсаты – соғыстың адамдарды қалай өзгерткенін көрсету. Уақыт өте келе жастар рухы өсіп, батылдана түседі, мәселелерді үлкендер ұқсап шешуге үйренеді.

Өмір қаншалықты қаталдық көрсеткенімен олар өздерінің ішкі діңін сақтап қалады. Қанды қырғын кейіпкерлерді ызақор қыла алмады және олардың бойындағы үміт, сенім мен арман өшкен жоқ.
Спектакль үш құраммен қойылған. Премьера күнінде сахна тарландары Татьяна Фомиченко мен Владимир Швальбе өнер көрсетті. Басты рөлді жас әртіс Константин Демидов сомдады. Бұл оның алғашқы рөлі болса да, тапсырманы ойдағыдай орындап шыққан сияқты.

Бұл ретте сахнаның безендірілуін де атап өткен жөн. Бұл – ҚР мәдениет саласының үздігі Николай Корякиннің еңбегі.

Николай Корякин, Н.Погодин атындағы орыс драма театрының қоюшы суретшісі

– Сценографиясы аз және қаталдау деуге болады. Өйткені, бұл көңіл көтеретін қойылым емес қой. Керісінше, бұл сол кездің қиындығын жастардың есіне салуға және түсіндіртуге арналған бір мүмкіндік. Қадір тұтпаса, бәрін оңайлықпен жоғалтып алуға болатыны туралы ой тастайды. Донбастан, Украинадан бір мысалдар келтірілген. Бейнеүзінділер көрсетіледі.

Қойылым жақсыға сеніп, түкке қарамастан достық пен махаббатты сақтау қажеттігін еске салатындай. Көрермендер спектакльге өз бағаларын берді.

– Маған қатты ұнады. Спектакль қарым-қатынас туралы. Бәрін жоғалтып бара жатқандай, сондай заман болған. Ең бастысы, ішкі жан-дүниеңді сақтап, адамдарға деген көңіліңді, ілтипатыңды қорғау қажет. Кейіпкерлер бір-бірін қолдағандықтан тірі қалып отыр.

– Жас әртістер жақсы ойнады. Қоюшы режиссер Виктор Шалаевқа осындай қойылым ұсынғаны үшін алғысымды білдіремін. Бүгін уақытымды жақсы өткіздім.

ҚР-ның еңбегі сіңген әртісі Виктор Шалаев қойылымды Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арнаған. Спектакльдің қоюшы режиссері Ұлы Жеңіс күні – мен үшін ерекше мейрам дейді.

Виктор Шалаев, Н.Погодин атындағы орыс драма театрының қоюшы режиссері, ҚР еңбегі сіңген әртісі

– Мен бүгінгі қойылымды жан түршігерлік уақыт пен сынды бастан кешірген алдыңғы толқын өкілдеріне арнадым. Олар соғысты жүріп өтіп, елді көтерді. Менің анам Калинин майданынан бастап Рейхстагқа дейін жеткен. Кіші лейтенант Шалаева – Қызыл Жұлдыз орденінің иегері. Жауынгерлік еңбегі үшін бірнеше медаль алған. Мен анамды мақтан тұтамын.

Театрдың ұжымына облыс әкімінің атынан ықылас гүлі табыс етілді.

Данаш Хамзина.