МТРА жаңалықтары

Сайлау алдында студенттерді тіркеу шаралары жүргізілуде

Ғалия Байділдина – «Қазпошта» АҚ СҚОФ бас маманы

–  Бүгіндері біз жоғары және орта оқу орнының студенттерін уақытша тіркеуге алу шараларын жүргізіп жатырмыз. Сонда олар маңызды науқан күні сол оқу орны кіретін сайлау учаскесіне барып, дауыс береді. Ол студенттің сабақтан қалмай, уақытын үнемдеуге септеседі. Бүгінде 300-ден астам студент оқу орындары бойынша тіркеуге алынды.

Айталық, Петропавл қаласының қызмет көрсету саласы колледжінің 160 студенті дауыс бермек. Солардың 60-ы ауылдық жерден келген екен. Бүгіндері олардың барлығы колледжге тіркеуге алыныпты. Сондықтан, 26 сәуір күні олар 663-сайлау учаскісіне барып таңдау жасайды.

Гүлжан Жолдыбаева – Петропавл қаласының қызмет көрсету саласы колледжінің студенті

– Мен Уәлиханов ауданы Бидайық ауылынан келгенмін. Ауылым өте алыста болғандықтан, қалада дауыс беруге мәжбүрмін. Ауылыма бару үшін маған 12 сағаттық жол жүру керек. Осыған байланысты мен бірінші рет дауыс беретіндіктен қуаныштымын.

Дауыс беруге баратын әр адамның қолында ең алдымен жеке куәлігі болуы керек. Алайда, Халыққа қызмет көрсету орталығына құжатты жасатуға өтініш берген 500-ден астам солтүстікқазақстандық әлі күнге дейін куәліктерін алып кетпеген. Кейбірінің құжаттары бірнеше айлап жатқан көрінеді. Сол себепті, орталық мамандары иелеріне құжаттарын алу қажеттігін еске салады.

 

Магжан Ахмадина .