Білім

Петропавлда «Қазақ мемлекеттілігінің алғышарттары» атты облыстық турнир өтті

Нұрлан Садықов – СҚО білім басқармасы жанындағы «Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар» орталығының әдіскері

– Қазақша, орысша, ағылшынша сұрақтар болады. Қай топ тез ойланып үш тілде жауап береді. Ол топ алға шығады. Негізгі мақсаттары ойынның осындай.

Жеребе тартылған соң, ойын алаңына алғаш болып Жамбыл ауданының құрамасымен Мағжан Жұмабаев ауданының оқушылары шықты. Сайысқа қатысушыларға түрлі бағытта бірнеше сұрақ қойылды. Бабы мен бағы қатар шапқан Жамбыл ауданының оқушылары сайыста алғыр екендіктерін дәлелдей білді.

Әйгерім Ақылбайқызы – сайысқа қатысушы, Жамбыл ауданы

– Кейбір сұрақтар жеңіл болды. Ойланатын сұрақтар да болды. Егер команда дайындалса, барлық сұрақтарға жауап береді деп ойлаймын.

Ал облыс орталығындағы Қожаберген жырау атындағы нөмірі алтыншы мектептің командасы қазір өз кезегін күтіп отыр. Қалалық деңгейде өткен аталмыш байқауда олар жеңіс тұғырынан көріне білген. Бұл жарыста да жақсы нәтижеге жететіндеріне сенімді.

Ерназар Сапар – сайысқа қатысушы, Петропавл қаласы

– Дайындығымыз жақсы. Ұстазы мықтының ұстанымы мықты деп қазақ бекер айтпайды ғой. Осы сайыс жылда өткізілсе дейміз. Өткенімізді білмей болашағымызды болжау қиын. Көп балалар қазір тарихымызды біле бермейді.

Турнир қорытындысы бойынша 1-ші орынды Аққайыңдықтар иеленді. Екінші сатыдан Мамлют ауданының оқушылары көрінді. Үздік үштікті Қожаберген жырау атындағы нөмірі алтыншы орта мектептің құрамасы түйіндеді.

Джакупов Самат.