МТРА жаңалықтары

Өңірдегі су тасқынына қатысты жағдай – құтқарушылардың назарында

Сергей Черепахин, Былғары зауыты ауданының тұрғыны

– Қайықты жөндеп, киім-кешектерімізді жоғарыға көтеріп қоямыз. Бапана мен үй жануарларын қараусыз қалдыруға болмайды.

Құтқарушылардың болжамы бойынша қызыл су Былғары зауыты мен Заречный кентін бір аптадан кейін басуы мүмкін. Қазір мамандар аталған аудандардың тұрғындарына төтенше жағдай бола қалған жағдайда қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жадынама парақшаларын таратуда.

Аслан Ахметов, Петропавл қаласы ТЖБ бас маманы

– Бүгінде апаттық-құтқару қызметі Заречный кентінде жолдарды су басқан жағдайда тұрғындардың жүріп-тұруы үшін шағын көпір салып жатыр. Азаматтарға айтарым, құжаттар мен құнды заттарды шүберекке буып-түйіп, тосын жағдайға дайын отырғандары абзал. Ал, біз қорадағы мал-құсты ұстайтын бөлек орындарды әзірлеп қойдық.

Бүгінде Былғары зауыты мен Заречный кентінде жағдай тұрақты. Осы күні Есіл өзенінің мұзы еріп, су аға бастаса да, аталған аудандарға баратын жолдар ашық.
Тұрғындар бұл жолы да құтқарушылар былтырғыдай жұмыстарын жедел атқарып, бәрі ойдағыдай өтеді деген сенімде.

Валентина Шинкаренко, Заречный кентінің тұрғыны

– Өткен жылы қалаға жету мен үшін қиынға соқты. Құдды бір бөлек аралда отырғандай күй кештім.

Любовь Андреева, Заречный кентінің тұрғыны

– Біздің ауданда су онша болмағанымен жертөлеміз қызыл суға толып кетті. Қазір ешқандай әрекет жасап жатқан жоқпыз. Алда не боларын күтумен ғана отырмыз.

Бүгінде Сергеев су қоймасы тіршілік көзіне лық толып, таси бастады. Сондай-ақ, өңіріміздегі Уәлиханов ауданына қарасты Қулыкөл селосында төтенше жағдай жарияланып, аталған елді мекеннің 67 тұрғыны көршілес Қаратал ауылына көшірілді. Ал, облыс орталығындағы жағдайға келер болсақ, қазір Ойқала ауданындағы су құйылу құбырлары бекітіліп жатыр. Ол жұмыстарды Қарағанды қаласынан келген 52 859 әскери бөлімінің сарбаздары атқаруда. Жалпы, құтқарушылардың мәліметі бойынша бүгінде су тасқынына байланысты жағдай – облыс басшылығы мен ҚР ІІМ-нің жіті бақылауында.

Заречный кентінің тұрғыны

Берик Касен.